Өскеменде көмір кезегін күтіп шаршаған азамат өз-өзін өртемек болды
Оған айыппұл салынды
Өскемен қаласында бірнеше күн бойы көмір кезегінде тұрған азамат өз-өзін өртеп жібермек болған. Бұл туралы Өскемен қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, оқиға қаланың сол жағалауында орналасқан теміржол тұйығында орын алған.
«Полицияға қоңырау шалған азамат көмір кезегінде тұрған жүргізушілердің бірі көлік жолын жауып тастап, өзін-өзі өртеп жіберетіндігін айтып, қорқытқаны туралы жеткізді. Сол жерге жеткен тәртіп сақшылары қолына канистр ұстаған ер адамды көрген. Полицейлер ер адамнан канистрді тартып алып, сабырға шақырды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен сатушы компания оған көмірді кезексіз беру жайлы ұсыныс жасады. Кезекте тұрған басқа азаматтар бұған қарсы болған жоқ», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, өзін өртемек болған азамат – Ұлан ауданының тұрғыны. Оның көмір кезегінде тұрғанына бірнеше күн болған. Десек те, жолды жауып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтіргені үшін Ұлан ауданының тұрғынына 10 АЕК (1 АЕК – 2917 теңге) көлемінде айыппұл салынды.