Семейде төрт бала өрттен құтқарылды
Оқиға Қарағайлы тұрғын ауданындағы пәтерлердің бірінде болған
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, розетканың қысқа тұйықталуы орын алып, тұрғын үй түтінге көмілген. Онда көп балалы отбасы тұрып жатқан. Өрт кезінде жас балалардың жанында ересектер болмаған.
Сағат 16.30 осы үйге қызмет бабымен келген аға учаскелік инспектор Динара Қабышева түтін иісін сезіп, 3-қабатқа көтерілгенде балалардың жылап, көмекке шақырған дауыстарын естіген.
Полиция қызметкері балаларға қауіп төніп тұрғанын түсініп, дереу өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем шақырған.
Өрт сөндірушілер пәтерден 6, 4, 2 жастағы балаларды және 5 айлық сәбиді алып шыққан. Олар зардап шеккен жоқ.
"Электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алды. Балаларды ата-анасы сыртынан жауып кеткен. Мен бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем шақырдым", - деді Динара Ғибадоллақызы.
Көпбалалы ана полицейлерге балаларын құтқарғаны үшін ризашылығын жеткізді.