Түркияда дәмхана күзетшілерінен таяқ жеген қазақстандық туралы консулдық түсініктеме берді
Ұлбосын Малғаждарованың туыстары оның жағдайы туралы білмейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды
Бас консулдықтың хабарламасында: «2021 жылы 11 шілдеде Ыстанбұл қаласының түнгі клубтарының бірінде қазақстандық үш азаматшаның қатысуымен оқиға орын алған болатын. Түнгі клуб күзетшілері мен азаматшалар арасында туындаған түсініспеушілік қол көтеруге дейін жеткен. Күзетшілердің соққысынан қорғанған ҚР азаматшасы Ұлбосын Малғаждарова күзетшілердің бірінің саусағын тістеп алған. Дене жарақатын келтіргені үшін полиция Ұ. Малғаждарованы қамауға алды», - делінген.
Сонымен қатар, ресми ақпаратта Ұлбосын Малғаждарованың туыстары оның жағдайы туралы білмейді деген ақпарат шындыққа жанаспайтыны айтылған.
«Бас консулдық қызметкерлері Ұ.Малғаждарованың жағдайын білу үшін уақытша ұстау изоляторына барып, онымен кездесті. Сондай-ақ, оның адвокатымен бірнеше рет кездесу өткізіп, тұрақты түрде телефон арқылы ақпарат алып, азаматшамыздың жағдайы мен соттағы іске қатысты туыстары хабардар етілді. Осы орайда Ұлбосын Малғаждарованың туыстары оның жағдайы туралы білмейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді ведомстводағылар.
Айта кететін тағы бір жайт, хабарламада бүгінде отандасымыз уақытша ұстау изоляторынан шыққаны көрсетілген.
«26 қазанда Ұ. Малғаждарованың ісі бойынша өткен сот отырысына Бас консулдық қызметкерлері қатысты. Сот шешіміне сәйкес отандасымыз сот ісі аяқталғанға дейін Түркиядан шықпау шартымен изолятордан босатылды. Аталған іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда. Түркия азаматтарының үстінен қарсы шағым түсірілген. Бас консулдық Ұ. Малғаждарованың сот ісі аяқталғанға дейін бақылауда ұстап, қолғабыс көрсетуді жалғастырады», - деген түсініктеме берілді.