ШҚО-да бір күнде жол апаттарынан бес адам қаза тапты

Azattyq Rýhy

Облыстық полицейлер жыл басынан бері 200 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылықтың жолын кесті

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, өткен тәулікте өңірде үш жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде 5 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы екі қайғылы оқиға Семей қаласының маңында қала сыртындағы тас жолда болды.

«Осы жылдың 28 қазанында сағат 18:15-те қала маңындағы автожолда «Volkswagen» маркалы автокөліктің 21 жастағы жүргізушісі 2012 жылы туған, кәмелетке толмаған жаяу жүргінші баланы қағып кетті, ол алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды. Бала жалғыз жүрген.

Сол күні, кешкі уақытта «Семей-Талица» бағытындағы автожолда 66 жастағы «ПАЗ» маркалы автобустың жүргізушісі жолдың жүріс бөлігінде тұрған 45 жастағы ер адамды қағып кетті. Зардап шеккен адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - делінген ШҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Үшінші ЖКО Павлодар облысына 1 км жетпей «Омбы-Майқапшағай» автожолында тіркелді, онда «Хонда» маркалы автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимінің асып кетуінен рөлге ие бола алмаған, нәтижесінде көлік аударылған. Алған жарақаттан жүргізуші де, көлікте болған екі жолаушы да оқиға орнында тіл тартпай кетті.

«Әрбір факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3 және 4-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталды. Жоғарыда аталған ЖКО-ның бірінде жас бала қайтыс болған, оның өліміне кінәлі жас жігіт ҚР ҚІЖК-нің 128-бабының тәртібімен УҰИ-на қамауға алынды. Зардап шеккендердің отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Қазір қылмыстық істер аясында объективті тергеу қамтамасыз етілуде, тергеу әрекеттері жалғасуда, сот сараптамалары тағайындалды», - дейді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Сондай-ақ, өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін айта кету қажет. Жыл басынан бері полицейлер:

  • - жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауына байланысты 200 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылықтың жолын кесті;
  • - көлік құралдарын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқарған, кейіннен көлік жүргізу құқығынан айырылған 1 372 жүргізуші ұсталды;
  • - ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша көлік құралдарын мас күйде басқарған, бұрын сотпен осындай құқық бұзушылықтар үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған 110 адам анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды;
  • - уәкілетті органдарға орын алған кемшіліктерді жою үшін 4 мыңнан астам ұйғарым жолданды және жол инфрақұрылымымен және жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастырумен байланысты бұзушылықтар, жалпы алғанда, әртүрлі әкімшілік жауапкершілікке 222 лауазымды тұлға тартылған;
  • - ЖКО-ның алдын алу мақсатында республикалық және жергілікті қозғалыс тас жолдарында қараусыз жайылып жүрген 16 мыңнан астам жануар айдалып, «мал тұрағына» орналастырылды, бұл ретте олардың 6 мың иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан басқа, Полиция департаментінің бастамасы бойынша қалалар мен өзге де елді мекендерде жол төсемдерін қайта жаңарту жүргізілуде, бүгінгі күні 145 мың шаршы метр жол таңбалары, 1 мың метр шу жолақтары салынды, қосымша 74 жарықдиодты белгі және 7 жаңа бағдаршам нысаны орнатылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.