Алматы тұрғындарының атынан қымбат телефондарға несие рәсімдеген күдікті ұсталды
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматының 19 жастағы тұрғыны халықты алдап, олардың атынан несиеге қымбат гаджеттерді рәсімдеген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, жігіт интернеттен кездейсоқ адамдардың мәліметтерін тауып алып, бірнеше ай бойы олардың атынан тауарлық несиелер рәсімдеп келген. Несие мақұлданғаннан кейін ол қымбат телефондарды алып, үшінші тұлғаларға сатып жіберген.
«Полицияға бес азамат арызданды, күдікті олардың атынан «Iphone» маркалы ұялы телефондарды рәсімдеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікті ұсталды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тергелуде. Келтірілген шығын көлемі шамамен бір жарым миллион теңгені құрайды», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал Алмалы ауданының Полиция басқармасында аталған тұлғаның заңсыз әрекетінен зардап шеккендерге мына телефондар арқылы хабарласуларын ұсынады: 8-708-707-9202; 8-705-555-7763; 8-775-719-2727.