Тойда оқ атқан: Алматы облысында желіде тараған видеодан соң тергеу басталды
Оқиға 23 қазанда Қаскелеңдегі тойханалардың бірінің маңында болған
Әлеуметтік желілерде Алматы облысына Қарасай ауданында болған үйлену тойы кезінде әуеге оқ атылғаны туралы видео пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарасай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әлеуметтік желілердің мониторингі кезінде анықталған жайтты тексеру және іздестіру жұмыстарын жүргізген.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаның 23 қазанда сағат 17.30 шамасында Қаскелең қаласындағы Абылай хан көшесіндегі тойханалардың бірінің маңында болған.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер әуеге оқ атқан ер адамды анықтады, ол Қарасай ауданының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген ПД хабарламасында.
Ал той меймандары мінген «Мерседес» автокөлігі айыппұл тұрағына жеткізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері заң бұзғандарды жауапкершілікке тарта отырып, той кортежінің өзге қатысушыларын да анықтау бойынша шаралар жүргізіп жатыр.