Алматы түбінде болған ұшақ апатының хронологиясы жарияланды
Алматы халықаралық әуежайы 27 желтоқсан күні болған ұшақ апатының хронологиясын жариялады

Алматы халықаралық әуежайы 27 желтоқсан күні Алматы – Нұр-Сұлтан бағытында ұшып шығып, артынша әуежай маңындағы үйлердің біріне соғылған ұшақ апатының хронологиясын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл жазбаны әуежайдың баспасөз қызметі Facebook-тегі ресми парақшасында жариялаған.
«Төтенше жағдай орын алғанда әрқашан уақытты тиімді пайдаланып, дұрыс шешімдер қабылдай білудің маңызы зор. Алматы халықаралық әуежайы қызметінің де әлемнің басқа әуежайлары секілді арнайы нұсқаулықтар мен алгоритмдер жүйесі бар. Апат болған күні оқиғаның қалай өрбігенін нақты түсіндіру үшін сіздерге Алматы әуежайы қызметінің жұмысын көрсететін уақыт хронологиясын ұсынып отырмыз», - делінген әуежайдың баспасөз хабарламасында.
Аталған жазбаға сәйкес, таңғы сағат 05.35-те рейске тіркелу басталған, тіркеу 06.35-те аяқталған.
Сағат 07.03-те тіркеу уақытының аяқталып, жолаушылардың өз орындарына жайғасқаны хабарланған.
Ал сағат 07.21-де ұшып шыққан әуе кемесімен байланыс үзіліп, сағат 07.22-де ұшақ радардан жоғалып кеткен.
Сағат 07.24-те әуежайдың авариялық-құтқару командасының барлық жеке құрамына дабыл қағылған (Оған: Іздестіру және авариялық-құтқару қызметі, медициналық қызмет, Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру қызметі, Арнайы көлік қызметі, Әуеайлақ қызметі, Авиациялық қауіпсіздік қызметі, Жүк тасымалдау қызметі, Инженерлік-авиациялық қызметі сияқты қызметтер кіреді).
Сағат 07.27-де әуежайдың авариялық-құтқару командасы апат болған аймаққа жиналған.
Сағат 07.35-те ұшу жетекшісінен апат аумағындағы авиациялық оқиға туралы ақпарат алынған.
Сағат 07.36-да оқиға болған жерге әуежайдың бірінші өрт сөндіру-құтқару есебі келіп, апат аумағында қираған ұшақ туралы ақпарат беріп, жолаушыларды қауіпсіз жерге көшіре бастаған.
Сағат 07.38-де оқиға болған жерге Іздестіру және авариялық-құтқару қызметінің толық құрамы келіп, жолаушыларды сыртқа шығарған.
Сағат 07.39-да Іздестіру және авариялық-құтқару қызметі басшысы Алматы медициналық мекемелерінен қосымша күш сұраған.
Сағат 07.42-де оқиға орнына әуежайдың авариялық-құтқару командасының толық құрамы келген.
Сағат 08.10-де төтенше жағдай аумағындағы өздігінен қозғала алатын барлық жолаушы қауіпсіз жерге көшірілген.
«Апат болғаннан кейінгі алғашқы минуттарда оқиға орнына 22 арнайы техника мен әуежай қызметінің жеке құрамынан 83 құтқарушы келді», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда Алматыдан ұшып шыққан 93 жолаушысы бар Bek Air ұшағы радардан жоғалып кеткен. Артынша құлаған ұшақтың суреттері жарияланды. ІІМ 12 адамның қаза болғанын хабарлады.