Кінәлі жүргізушінің куәлігі болмаған: Ақмола облысында жол апатынан 2 адам көз жұмды
Жол-көлік апаты салдарынан 2 адам қаза тауып, 4 жолаушы жарақат алды

Ақмола облысында көлік жүргізу куәлігінен айрылған жүргізуші адам өлімімен аяқталған апаттың себепшісі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қайғылы оқиға 29 желтоқсан күні кешкі сағат 18.15 шамасында Екатеринбург – Алматы автожолының 1208-ші шақырымында болған. Оқиға салдарынан 2 адам қаза тауып, 5 жолаушы жарақат алды. Қайтыс болғандардың бірі - жасына толмаған кішкентай бала.
Жол-пайдалану учаскесі қызметкерлерінің айтуынша, Lada Granta маркалы екі автокөліктің жүргізушілері Целиноград ауданындағы Қараменде батыр ауылының маңындағы жолды бөлісе алмаған көрінеді.
Полиция қызметкерлері 1995 жылы туған жүргізушінің биыл ақпан айында көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айрылғанын айтты.
«Жүргізуші елордаға келе жатып, алдындағы көлікті басып озу үшін қарама-қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан көлікке бетпе-бет соғылады. Қатты соққыдан екінші көліктегі 1986 жылғы ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Екі көлікте болған 5 жолаушыны, оның ішінде кішкентай баланы жедел жәрдем дәрігерлері алып кетті. Жол-көлік оқиғасының орнында жол пайдалану учаскесінің қызметкерлері жұмыс істеуде», – делінген«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында .
Белгілі болғандай, ауруханаға жеткізілген сәби де көп ұзамай қайтыс болды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізушілерге жол ережесін сақтауды, рұқсат етілген жылдамдықты асырмауды, қауіпсіз қашықтықты сақтауды ескертеді. Сонымен қатар, сапарға тек қысқы дөңгелектермен шығуға кеңес береді.