ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 106 310-ға жетті

СҚО-да 10 жастағы бала камера алдында трюк жасаймын деп, белдікке асылып қалған

Жеткіншек интернеттегі онлайн-ойындардың бірін ойнаған

Солтүстік Қазақстан облысында 10 жастағы мектеп оқушысы байқаусызда өзіне қол жұмсап, оның өмірмен қоштасқан сәті бейнекамераға түсіп қалған. Қайғылы оқиға Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында тіркелді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Жеткіншектің мұндай қадамға баруына интернеттегі ойын себеп болуы мүмкін.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Алайда, Солтүстік Қазақстан прокуратурасының басшылығы қайғылы оқиғаға байланысты қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, тиісті сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 2009 жылы дүниеге келген бала Булаев қаласындағы № 4-ші орта мектепте оқыған.

26 желтоқсанда Мағжан Жұмабаев аудандық полиция бөлімінің кезекшілік қызметіне 10 жастағы баланың асылып өлгені туралы ақпарат түскен. Тергеу тобының мәліметінше, бала өз бөлмесіндегі екі қабатты кереуеттің жоғары бөлігіне белбеумен асылған.

«Қайтыс болған бала 5-ші сыныпта оқыған. Оқудан бос уақытында спортпен шұғылданған. Мектептегі үлгілі оқушылардың бірі болған. Достарының алдында беделді, сабағын жақсы оқыған. Үйдің кенжесі. Өзінен үлкен бір ағасы бар. Отбасында ешқандай кикілжің болмаған. Қайғылы оқиға болған күні білім ордасында жаңажылдық шырша өткен. Мұғалімдердің барлығы оның көңіл-күйі көтеріңкі болғанын, күдік тудырар ешқандай іс-әрекет байқалмағанын айтып отыр. Мерекелік шарадан кейін балалардың барлығы үйлеріне тарап кеткен», – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Жансая Қайыпова.

Алдын-ала болжам бойынша, жеткіншек «Likee» интернет ойынының құрбаны болған. Ойынның шартына сәйкес, балалар өзгелер таң қалатындай түрлі трюктерді, фокустарды видеоға түсіріп, бір-біріне жолдап, лайк жинайды екен. Мойынына белбеуді салмас бұрын бала көрермендеріне лайк басу керектігі жөнінде ескерткен. Видеоға сараптама жасаған мамандар жасөспірімнің көңілді болғанын, оның ешқандай бөтен ойы байқалмағанын атап өтті. Яғни, жеткіншекте суицид жасау туралы мүлдем ой болмаған. Ол тек қорқынышты трюк жасап, видеоны өз достарына жібермек болған.

«Бала үйге келген соң телефонды қосып, видеотүсірілім жасамақ болған. Бейнежазбада жай жұмсақ шүберектен тігілген белдікті алып, асылған кейіп танытпақ болғаны көрініп тұр. Көзін жұмып бірер сәт тұрған. Осы кезде аяғы сатыдан тайып кетіп, асылып қалған. Үйде жалғыз болғандықтан, көмекке келер адам табылмаған. Видеожазба 26 минут бойы түсірілген. Облыстық білім басқармасында шұғыл түрде мобильдік топ құрылып, аудан орталығына барды. Сол жердегі жағдайды жан-жақты зерттеді. Психолог, суицидолог, аудандық полиция бөлімінің мамандарымен бірге жұмыс істеді», – дейді Жансая Қайыпова.

Қайғылы оқиға болған сәтте баланың ата-анасы жұмыста болған. Құзырлы мекемелердің мәліметінше, әзірге сараптама қорытындысы шығарылған жоқ.

«Likee» жасөспірімдер арасында кеңінен таралған интернет ойын. Ол ұялы телефонға мобильді қосымша арқылы жүктеледі. «Likee» ойыншылары түрлі видео түсіріп, оны монтаждап, бір-біріне жолдайды. Достарынан лайк жинап, бәсекеге түседі. Ең көп «лүпіл» жинағандар бағалы сыйлықтарға ие болатын көрінеді. Байқауда жеңімпаз атанғандарға ақшалай сыйлық пен қымбат телефондар табыс етілетіндігі жайында мәліметтер де бар.

«Балалармен сөйлесе келе, олар «TikTok» және «Likee» мобильдік қосымшаларын белсенді түрде пайдаланатыны анықталды. Олар ойын арқылы түрлі сюжеттер монтаждалған роликтер мен трюк, фокустар жүктейтінін растады. Балалар бақилық болған достарының кезекті трюкті түсірмек болып, осындай жағдай туындауы мүмкін деген пікірлерді де айтты. Оны видео әлеуметтік желіде тікелей трансляция жасалмағанымен нақтылауға болады. Бала түсірілген видеоны монтаждап, кейін жарияламақ ниетте болуы мүмкін. Бұл дерек өз-өзіне қол жұмсау емес, қайғылы жағдай деп ойлаймын», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.

Психолог мамандар мектеп оқушылары және ата-аналармен жұмыс жүргізіп, білім ордасының әкімшілігіне мұндай жағдайлардың алдын алу үшін не істеу керектігін ескертіпті. Ал, марқұм болған оқушының денесі өзі тұрған Булаев қаласында жер қойнауына тапсырылды. Жасөспірім көзі тірі болса, келер жылы наурыз айында 11 жасқа толатын еді.

Айта кетейік, елімізде бұған дейін де жасөспірімдер қауіпті интернет ойындарын ойнайтыны жайлы жазылып, талай рет дабыл қағылған. «Көк кит», «Мені түнгі төртте оят» және тағы да басқа толып жатқан ойындар түрлі тапсырмалар арқылы балаларды қызықтырып, ақыры өмірмен қоштауына түрткі болады. Мысалы, үйден қашып кетуге, терезеден секіруге үгіттейтін де қауіпті тапсырмалар бар. Аталған ойындарды прокуратура қазақстандық интернет кеңістігінен бұғаттап тастаған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО