ШұғылCOVID-19: Бір тәулікте 720 адамнан коронавирус анықталды

«Бек Эйр» жолаушылары үшін арнайы пойыз жолға шығады

Екі күн бұрын Bek Air әуе компаниясының 100-ге жуық рейсі тоқтатылған болатын

Апаттан кейін қызметі тоқтатылған «Бек Эйр» жолаушылары үшін Нұр-Сұлтан-Алматы қатынасы бар қосымша пойыз іске қосылады, деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз хабарламасында арнайы пойыздың 2019 жылдың 30 желтоқсанында сағат 22: 03-те «Нұр-Сұлтан-1» бекетінен кетіп, Алматы-2 бекетіне 2019 жылғы 31 желтоқсанда 17: 30-да келетіні хабарланған.

16 жаңа вагоннан тұратын пойыздың билеттерін теміржол вокзалдарының кассаларынан және тасымалдаушының www.bilet.railways.kz веб-сайтынан сатып алуға болады.         

Айта кетсек, екі күн бұрын Bek Air әуе компаниясының 100-ге жуық рейсі тоқтатылған еді.         

27 желтоқсан күні таңертеңгі уақытта Fokker-100 ұшағы Алматы маңында апатқа ұшырағаннан кейін, қазақстандық авиация билігі Bek Air және Fokker-100 жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Еске салсақ, жұма күні таңғы сағат 07.05-те  №Z2100 рейсі радардан жоғалғаны туралы хабарланған болатын. Артынша сағат 07.22-де «Бэк Эйр» әуе комипаниясының Алматы – Нұр-Сұлтан бағытында ұшып шыққан ұшағы биіктікті сақтай алмай, екі қабатты үйге соғылғаны белгілі болды.  

Тиісті органдар ұшақ апаты салдарынан 12 адам қаза тапқанын, оның ішінде әуе кемесінің командирі Марат Мұратбаевтың болғанын, қалған 67 адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Үкіметтік комиссия алдын ала қорытындыларды 10 қаңтарға дейін ұсынбақ.