Балалар әкелерінің қайтыс болғанын әлі білмейді – дәрігер

Ерлі-зайыптылар  кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы арқылы Арқалыққа ұшпақ болған

Балалар әкелерінің қайтыс болғанын әлі білмейді – дәрігер
Фото: ашық дереккөзден

Алматы маңындағы апатқа ұшыраған ұшақта  бір үйдің 6 адамы болған, деп мәлімдеді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Ерлі-зайыптылар  кәмелеттік жасқа толмаған 4 баласымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы арқылы Арқалыққа ұшпақ болған. Алайда, апаттан соң отбасының асыраушысы көз жұмса, әйелі ауыр жарақатпен әлі аурханада жатыр.  Ми жарақатынан қаза болған 34 жастағы жігіттің артында 3, 8, 10 және 12 жастағы төрт баласы қалды.   

«Бір үйдің 4 баласы түскені туралы ақпарат бар. Балалардың әкесі қайтыс болып кеткен. Ал өздері  ем қабылдап жатыр. Бірақ балаларға біз әкелерінің қайтыс болғанын әлі естірткен жоқпыз. Оны ақылдасып барып жеткізсек деген ойымыз бар. Себебі, ондай хабардан өздері ауруханада жатқан балалардың психологиясына да, денсаулығына да залал келуі мүмкін», - деді  Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Дәрігерлер №1 қалалық балалар ауруханасында жатқан 9 баланың жағдайын қалыпты деп бағалады. Ешқайсысының өміріне  қауіп жоқ. Тек 2 балаға ота жасалған.

Жалпы, ем алып жатқан 49 науқастың 5-уі бүгін-ертең үйлеріне жіберіледі. Нұр-Сұлтаннан арнайы келген жоғары дәрежелі мамандар Серік Ақшолақов пен Нұрлан Батпенов  ұшақ апатынан зардап шеккендерге операция жасаған. Түнде дәрігерлер науқастардың жағдайын тұрақтандыра алған.

«Бүгін барлық зардап шеккендердің жағдайын толықтай тұрақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жағдайы ауыр жандардың бәрі есін жиған. Операциялар аяқталды, біз сәтті нәтижеге қол жеткіземіз деп үміттенеміз. Алматылық дәрігерлер барынша көмек беруге, науқастар үшін бәріне дайын болды. Бірнеше науқастың омыртқасына ота жасалды. Олар алдағы уақытта мүгедек болып қалады деп айта алмаймыз. Өйткені, оларға ең жоғары технологиялармен ота жасалды. Операцияның бәрін науқастар мүгедек болып қалмайтындай етіп жасадық. Ешқайсысының қол-аяғына ампутация жасалған жоқ», - деді нейроорталық директоры Серік Ақшолақов.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.