$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.12.2019, 15:45
Оқиғалар

Пилоттың жағдайы ауыр – дәрігер

Ұшақ апатынан тірі қалған екінші ұшқыштың жағдайы ауыр, оған бүгін ота жасалған

Пилоттың жағдайы ауыр – дәрігер
Фото: sputniknews.kz

Алматы іргесіндегі ұшақ апатынан тірі қалған екінші ұшқыштың жағдайы ауыр. 54 жастағы пилотқа бүгін ота жасалған, деп мәлімдеді №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Анарбек Монголхан.

Апатттан соң аталған ауруханаға барлығы 18 адам түскен. Олардың 9-ы қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Араларында ұшқыш Мейіржан Молдахунов та бар. Оның бел омыртқасы зақымданған.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, барлығы 21 адамға операция жасалған. Олардың 19-ы ересек, қалған екеуі кішкентай бала.

«Ұшақ апатынан кейін Алматының бірнеше ауруханасына барлығы 49 адам түскен. Кеше өте ауыр халде болған 8 азаматтың жағдайы әлі де ауыр, бірақ қалыпты жағдайда. Тағы 9 науқас политравма, эндопротез және ортохирургия бөлімдеріне ауыстырылды», - деді басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Науқастардың көбінің қол-аяғы мен жамбас сүйектері, бас сүйек пен қабырғалары сынған. Дәрігерлердің сөзінше, операция кезінде ешкімге ампутация жасалмаған. Ал, бүгін ота жасалған ұшқыш наркоздан әлі оянбаған. Дәрігерлер оған отаның сәтті жасалғанын айтып отыр.

«Ұшқыш жабық ми жарақатын алған. Көз асты сүйегінің сынуы, бас ми шайқалуының 1 дәрежесі, мұрын сүйектерінің ашық сынығы, сол жақ бет бөлігінің жыртылған жарасы, шүйде аймағы терісінің жыртылуы, кеуде қуысының жарақаты бар, оған 2-дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Екінші бел омыртқасы жарықшақтанып сынған», - деді №4 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Анарбек Монголхан.

Ұшқыштың мұрын сүйегіне операция жасалған. Алдағы уақытта оның бел омыртқасына тағы да ота жасалады.

Сондай-ақ, ұшақтағы жолсеріктің де жағдайы ауыр. Политравма бөлімінде жатқан 38 жастағы Маржан Валиулина есін біледі. Оған жабық ми жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуысының жарақаттануы мен 1 дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары