Асхат Аймағамбетов Пермь университетінде болған атыстан кейін мәлімдеме жасады
Ресейдегі университеттердің бірінде атыс болды: бірнеше адам қаза тапты
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Пермь университетінде болған атыс салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Қазан қаласындағы теракт кезінде жақындары қаза тапқандардың жан-жаралары әлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінгі оқиға жығылғанға жұдырық болып отыр.
Бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оқу орындарының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс», - деп жазды министр.
Министрдің айтуынша, Қазақстандағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Үкіметте егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырма берілген. Сондай-ақ ЖОО басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігі айтылды.
«Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету ЖОО кіру режимін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу.
Қазіргі уақытта министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі.
Осы нормативті-құқықтық актіні талқылау барысында 2000-нан астам сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз», - деді ведомство басшысы.
Министрдің айтуынша, олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды.
«Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керісінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталғандығын мәлімдеймін.
Әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешу үшін қосымша қаражат бөлуде.
Атап айтқанда, бейнебақылау камерасын, күзет сигнализациясы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу, өткізу режимі ұйымдастыру және қауіпсіздік жүйесінің басқа да элементтер қарастырылмақ», - деді А.Аймағамбетов.
Бүгін Пермь қаласындағы ұлттық зерттеу университетінде атыс болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, атыс салдарынан сегіз адам қаза тапқан және бірнеше адам зардап шеккен. РФ Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, атыс салдарынан кем дегенде 6 адам қаза тапқан, 24 адам жараланған.