ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Алматы облысында экс-полицей үйір жылқыға оқ жаудырған

Ол екі айғырды атып өлтірген

Көрнекі фото

Алматы облысында бұрынғы полицей серігімен бірге араққа тойып алып, үйірлі жылқыға мылтықпен оқ жаудырған деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Жамбыл ауданына қарасты Үмбетәлі ауылында түнімен мылтық атқан жігіттерге полиция да келмеген. Тұрғындар болса қарулы екі жігітке бата алмапты. Көлдің маңын көк түнін қылған қос жігіт үйірлі жылқының екі айғырын атып тастаған. Атылған бытыраның тағы қанша жылқыға тигені белгісіз.

«Күні бойы арақ ішеді де, түнімен мылтық атады, әбден басынып бітті. Кеше де жылқыларға оқ атып жүргенін көрдім, бірақ менің жылқымды өлтіреді деп ойламаппын. Дереу учаскелік полицейді шақырдық. Бірақ, әлгі жігіттің өзі бұрын полицияда істеген, учаскелік инспекторға «қызыл куәлігін» көрсетіп еді, ол «дәлел жоқ» деп айналып шыға келді. Дәлелдің жоғы қалай? Атылған оқтың гильзасы толып жатыр, бүкіл ел көрді екеуінің мылтық атқанын. Соған қарамастан полиция бұрынғы әріптесін тергеуге алуға асығар емес», - дейді жылқысынан айырылған Шәкірт Шариев.

Жаздай жайлауда болған жылқыларды күн салқындап, егін орылғалы иелері ауылдың маңына әкелген. Тұрғындардың сөзінше, Үмбетәлі мен Шораққарғалы ауылдарының арасындағы көлдің маңайында ондаған үйір жылқы жайылып жүр. Бұзақылар 4 және 7 жасар екі айғырды атып өлтірген. Иелері келтірігне шығынды 1,5 миллион теңгеге бағалап отыр.

«Екеуінің мылтық атып жүргенін бәрі көрді. Бірақ түнде жандарына баруға қорықтық. Атқан оғы менің айғырыма тиіпті. Учаскелік полиция оларды ұстаудың орнына бізге: «өлексені көміп тастаңдар, бәрібір дәлелдей алмайсыңдар» деп ақылын айтып кетті», - дейді Үмбетәлі ауылының тұрығыны Ақиқат Әбділдәбек.

Мән-жайды сұрап ауылдың учаскелік полицейіне хабарластық. Тәртіп сақшысы бірден жағадан алды.

«Әкімшілік хаттама толтырдық, оны қайтесің? Бауырым, оны сұрайтындай сен кімсің соншама? Сен мылтықтың атылғанын көзіңмен көрдің бе? Келші бері, осында. Телефонның ар жағында тұрып неге сұрап тұрсың оны? Дікілдеп тұрғам жоқ, қалай сөйлеуді келіп үйретші», - деді Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылының учаскелік полициясы Еділ Сауырбеков.

Мұнан кейін Алматы облыстық Полиция департаментіне хабарласып, болған жайтты баяндадық. Ондағылар оқиғаның мән-жайын анықтауға уәде берді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы