Жарылыстар тоқтады, бірақ өрт сөнген жоқ: Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді
Ведомство жарылғыш заттардың жарылуы салдарынан қатты дүмпулер болуы ықтимал екенін ескертті
Қорғаныс министрі оқиға орнында Жамбыл облысының әкімімен, Төтенше жағдайлар министрімен, мемлекеттік органдардың жедел штаб басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оқиға салдарын жою мақсатында барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде Қарулы Күштер бөлімшелерінің, төтенше жағдайлар департаментінің, ішкі істердің, әкімдіктің, медициналық мекемелердің іс-қимылдары үйлестірілген. Жамбыл облысындағы әскери бөлімнің инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жарылыстар тоқтады, дегенмен, өрт жалғасуда», деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, инженерлік оқ-дәрілер жердегі қоймаларда сақталады. Қоймаларда жерасты сақтау орындары жоқ. Бұл әскери бөлімде оқ-дәрілердің басқа түрлері (артиллериялық, реактивті, зымырандық, атыс) сақталмайды.
«Инженерлік оқ-дәрілер арасында жарылыс кезінде сынықтары мен ірі қалдықтары ұшатын снарядтар жоқ. Сонымен қатар түрлі жарылғыш заттардың жанып, жарылуы салдарынан соққы толқыны, ауқымды жалын мен қатты дүмпулер болуы ықтимал», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Тараз қаласының мектептеріне 1200-ге жуық адам – Байзақ ауданының Қайнар, Ботамойнақ, Жібек жолы ауылдары мен Үшбұлақ станциясының тұрғындары эвакуацияланған.
Ал инженерлік оқ-дәрілер қоймасында жалғасып жатқан өрт сол жерде сақталған тротилдың жануынан туындауы мүмкін екені айтылды.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнен алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласты. Жарылыс салдарынан 60-тан астам адам зардап шекті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймадағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жағдайдың бақылауға алынғанын, дегенмен, жарылыс аумағына жақын орналасқан елдімекен тұрғындарына сақ болу керек екенін ескертті.