Павлодарда пәтерін жөндеткен тұрғын екі млн теңгесін таба алмай қалған
Жоғалған ақшасын таппаған соң әйел адам полицияға ұрлық туралы арыз жазған
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы тексеру кезінде жоғалған ақша мен құжаттарды пәтерден тапқан, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Вера Николаевнаның айтуынша, пәтерінде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жөндеушілер кеткен соң, 2 млн теңгенің жоғалғанын анықтаған. Жоғалған заттарын таппаған соң полицияға ұрлық туралы арыз жазған.
«Мен әдеттегі жерден ақшаны таба алмаған соң қобалжыдым, өзім ақшаны қайда қойғанымды ұмытып қалыппын. Басшылықтан көмек көрсеткен қызметкерлердің еңбегі мен біліктіліктерін атап өтуді сұраймын, оларға деген алғысым шексіз», - деді Вера Николаевна.
Павлодар қаласының тұрғыны Никитина Вера Николаевна Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің атына алғыс хат жолдады.
Қала тұрғыны Павлодар қаласы Орталық полиция бөлімінің жедел тергеу тобына, яғни оның арызы бойынша келген тергеуші Айнис Тахрадиноваға, жедел уәкіл Айдын Сәлімбековке, криминалист Шор Берікке алғысын білдірді.