$ 492.17  522.39  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
11.08.2021, 23:33
Оқиғалар

Павлодар облысында шенділер 40 млн теңге қаржыны заңсыз жұмсаған

Соның салдарынан көмекке мұқтаж жандарға тиісті қолдау көрсетілмей қалған

Павлодар облысында шенділер бюджеттің 40 млн теңге қаражатын заңсыз жұмсаған. Оны өңірдің Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, Ақсу қаласының шенділері мүгедек балалар мен қиын жағдайға тап болған адамдарға бөлінген қаражатты жалған құжаттар жасау арқылы жекеменшік серіктеске төлеп келген. Соның салдарынан көмекке мұқтаж жандарға тиісті қолдау көрсетілмей қалған.

Тексерістен соң әкімдіктің жеке серіктесі заңсыз алған қаражаттың 75 пайызын қайтарып беріпті.

«Бүгінгі таңда жеке серіктестік заңсыз алған бюджет қаражатының 30 миллионнан астамын мемлекетке қайтарды. Шенеуніктерге шара қолдану үшін тексеру қорытындысының құжаттары сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаментіне жолданды», - деді Павлодар облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы Серікбай Тастембеков.  

Мамандар бұл заңсыздықтың қай уақытта басталғанын айта алмады. Ақсу қаласының әкімдігіне де хабарластық. Ондағылар бөлім басшысына байланысты тексеру жүріп жатқанын айтты.  

«Қазір тергеу ісі басталды. Нәтижесін күтеміз. Тергеу ісі аяқталғаннан кейін кімнің қанша қаржыны жымқырғаны немесе жағдайдың қалай болғаны сонда анықталады», - деді Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов.

Серіктес жаңалықтары