Балаларыма сатып алған кәуапты полицейлер жеп қойды – Ақтөбе тұрғыны
Тәртіп сақшылары 38 жастағы азаматты педофил деп ойлап қалған
9 жастағы қызды зорлаған педофилді іздеуге шыққан ақтөбелік полицейлер 12 желтоқсан күні вахталық жұмыстан шыққан Нұрлан Шандинді ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген. Оның қолында балаларына сатып алған азық-түлік пен кәуап және 12 литр сүт болыпты. Айтуынша, полицейлер кәуап пен өзге де ас-ауқатты жеп қойған.
38 жастағы Нұрлан Шандиннің айтуынша, ас-ауқатты тартып алу былай тұрсын, тәртіп сақшылары оны 4 сағаттай ұрып-соғып, қылмысты мойнына алуға көндірмек те болған екен.
«Балаларыма 5 мың теңгеге алған кәуабым болған. Полиция бөлімшесі бастығының кабинетінде қалдырдым. 4 сағаттай ұрды, өзімді тепкіледі. Жұмыстан бізге сүт береді. Оны бала-шағам ішсін деп жинадым. Тергеуден шыққан соң кәуап та, азық-түлік те жоқ болды. Бірнеше күннен кейін қайта сұрап бардым. Тек сүтті ғана қайтарып берді. Кәуапты жеп қойған», - дейді Нұрлан Шандин.
Қазір Нұрлан өзінің өмірі үшін қорқып жүргенін айтады. Елдің арасына оның суретін педофил деп таратып жіберген адамдар әлі табылмаған. Отбасы мен халықтың алдында жазықсыз масқара болдым деген азамат бүгін ауруханаға келген. Айтуынша, қысымы көтерліп, күйзеліске түскен.
«Ұрды. Қойшы, еркекпіз ғой, оған да шыдадым. Енді педофил деп, суретімді таратқандары тым артық. Өзімнің де қызым 9 жаста. 4 балам бар. Қазір ауруханаға психологқа келіп тұрмын. Екі-үш күн емделдім. Жүйкем де жұқарды. Жұрт мені өлім жазасына кессін деп шулап жатыр. Қатты соққы алдым», - дейді ол.
Ал, полицейлер кәуапты да, азық-түлікті де жемедік деп отыр.
«Маған жоғарыдағы басшылар сүтін апарып бер деп қолыма ұстатты. Соны ғана апарып бердім. Басқасын білмеймін», - дейді атын айтқысы келмеген Ақтөбе қалалық №3 полиция бөлімшесінің қызметкері.
Ал, осы бөлімшенің криминалдық полиция қызметін басқаратын Ерлан Бекмағанбетовтың айтуынша, Нұрланның 12 литр сүтін қызметкерлер автокөліктен тауып алған.
«Жалпы бұл менің жұмысым емес. Тек маған хабарласқан соң көмектескім келген. Сүтті таптық, Машинада жатыр екен. Кейін кәуап беріп жіберіп едім, менікі емес деп алмапты. Мен сол күні жұмыс істеген қызметкерлермен тағы сөйлесіп, сұрастырып көрем», - дейді Бекмағанбетов.
Нұрлан Шандин болса ас-ауқатты жегендерден бұрын өзін жазықсыз айыптағандарды тауып, тезірек жазаласа екен дейді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы