ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

Қостанайда өз әкесін өлтірген әйел қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды

Лариса Пурик психикалық ауруына байланысты екінші топтағы мүгедек есебінде болған

Фото: ашық дереккөзден

Қостанай облысындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Қамысты ауданының 49 жастағы тұрғыны Лариса Пуриктің ісіне қатысты отырыс өтті. 

Қостанай облысында Алтынсарин ауылының тұрғыны Анатолий Тихоненконың өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Alau.kz порталына сілтеме жасап. 

49 жастағы Лариса Пурик Алтынсарин ауылында науқас әкесі Анатолий Тихоненкомен бірге тұрған. Лариса психикалық ауруына байланысты екінші топтағы мүгедек есебінде болған. Соған қарамастан Пурик әкесіне күтім жасап жүріпті. Алайда осы жылдың 12 мамырында Тихоненко қайтыс болды.

Кейін осы ауылда тұратын Тихоненконың екі қызы үйге келіп, оқиға орнына жергілікті учаскелік инспектор мен медициналық қызметкерді шақырған.

«Туыстары оның өзі ажал құшқанын айтқан. Соған қарамастан өздері оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақырыпты. Ал топ Анатолий Тихоненконың денесін аудандағы мәйітханаға жіберген. Мәйітті тексеру барысында оған оқ тигені анықталды», - дейді судья Алтынай Сағындықова.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Анатолий Тихоненко өлі күйінде табылған кезде оның үстінде киімі болған әрі денесінде қан іздері көрінбепті. Тек мәйітханада оның кеудесінен пластырь анықталған. Оны алған кезде тұрғынға оқ тигені белгілі болған. Оқ ер адамның өкпесі мен жүрегін тесіп өтіпті.

Алайда полиция үйден қару таппады. Тәртіп сақшылары күдіктілерді бірінші рет тергеген соң «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Учаскелік инспектор, тергеушінің берген мәліметіне сәйкес, Лариса Пурик алғашқы тергеу барысында туған әкесіне оқ атқанын айтқан. Себебі әкесі қызына өтініш жасапты», - дейді судья.

Соңғы уақытта Тихоненко қатты ауырып, жаны қиналған. Тіпті, ол бірнеше рет өз-өзіне қол салғысы келетінін айтқан. Сот отырысында ол өзінің бұл ойын психикалық ауруға шалдыққан қызына айтып, одан көмек сұрағаны белгілі болды.

Алматы облысындағы арнайы орталық жүргізген психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Лариса Пуриктің психикалық дертке шалдыққаны анықталды. Қазір ол осы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр.

«Сот күдіктінің ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-тармағы («Адам өлтіру») бойынша заңға қайшы әрекетті ессіздік жағдайында жасағаны туралы үкім шығарды. Сол себептен Лариса Пурик қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын», - делінген сот үкімінде.

Алайда күдікті қоғамға қауіп төндіретіндіктен республикалық психиатриялық ауруханада интенсивті түрде ем қабылдауға міндеттелді. Лариса Пуриктің туыстары сот үкімімен келіспейді, олар сот үкіміне шағым түсірмекші. Себебі сотқа дейінгі тергеу барысында қателіктерге жол беріліпті.