Ертісте үлкен шортан ауланды
Балықтың салмағы 10 келі
Павлодар тұрғыны Ертіс өзенінен үлкен шортан ұстады, деп хабарлайды Semey News. Бұл туралы жергілікті журналист Салауат Игликов өзінің instagram парақшасында жазған.
С.Игликовтың айтуынша, 24 жасар Магомед Абубакаров Качир кенті маңында үлкен көлемдегі жыртқышты аулап алған.
«Менің балық аулаудағы тәжірибем көп емес, әдетте мен балықты көлде ғана аулайтынмын. Бұл жол достарыммен бірге Ертіске келдім. Қармақты лақтырғаным сол еді, бірден қармағыма үлкен шортан ілінді. Балықтың салмағы 10 келі. Өз басым мұндай үлкен көлемдегі шортанды көрген емеспін», – деді Магомед Абубакаров.
Жігіттер олжаларымен бірге фотосуреттерге түсіп, артынша шортанды Ертіске қайта жіберген.
«Өкінішті, әрине, бірақ амал бар ма. Балықтың осындай түрлері өмір сүріп, көбеюлері керек деп шештім», – деп күлді балықшы.
Осындай көлемдегі шортандардың жасы 10-15 жыл, олар одан әрі көбеюі үшін негізгі асыл тұқымдылар болып табылады.
Журналист балықты суға жібергенге дейін ерекше олжамен фотоға түскен Магомедтің досы Виктор Порфирян екенін айтып өтті.