Жамбыл облысының 26 жастағы тұрғыны интернет-алаяқтығы үшін 3 жарым жылға сотталды
Ол 40 адамды алдап, 2 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірген
Жыл басынан бері 11 мыңнан астам интернет-алаяқтық жасалған. Жеті айда жүргізілген жұмыстардың нәтижелеріне сәйкес аталған санаттағы қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында келтірілген зиянның 1 млрд теңгеге жуығы өтелді. Бұл туралы ІІМ-нің онлайн брифингінде мәлім болды.
Интернет-алаяқтықтың ең көп таралған тәсілі – бұл әлеуметтік желілерде көреттілген тауарға немесе қызметке алдын-ала төлем жасау. Жуырда Жамбыл облысында осындай қылмыстың беті ашылғаны белгілі болды.
«Жамбыл облысының полицейлері 1995 жылы туылған "К" азаматшасын анықтады, ол "Instagram" әлеуметтік желісінде материалдық пайда алу мақсатында "Showroom__ss" атты аккаунт құрып, онда әйелдер киімі бар каталогты орналастырды, сату туралы жалған хабарландырулар орналастырды. Алаяқ сатып алушыларға тауарды курьерлік қызмет арқылы жеткізуге уәде бере отырып, 100% алдын ала төлем бойынша тапсырыстар қабылдаған. Сондай-ақ, курьерлік қызметтер тауарларды орта есеппен бір апта ішінде жеткізетінін ескере отырып, бұл жағдай оған қылмыстық әрекеттерін жалғастыруға және басқа адамдарды дәл осылай алдауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде күдіктінің қылмыстық әрекеттерінен жалпы сомасы 2 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірілген, 40 азамат зардап шекті», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Белгілі болғандай аталған қылмыстық іс сотқа жолданып, сот үкімімен азаматша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Осыған ұқсас жағдай бойынша Қарағанды облысында да тіркелген. Онда 21 және 25 жастағы жастар тобы қазақстандық сауда интернет-алаңдарында автобөлшектерді сату бойынша жалған хабарландырулар таратқан. Нәтижесінде 23 азаматқа 4 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Қазіргі уақытта сот үкімімен кінәлі тұлғалар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан