Семейде жалған вакциналау паспортын сатқан медицина қызметкерлері қолға түсті
Базаға енгізілген жалған мәліметтердің бәрі жарамсыз деп танылады
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жалған вакциналау паспортын сатумен айналысқандардың жолын кесті. Семей қаласында құжаттарды сатып, «қосымша қаражат таппақ» болған екі медицина қызметкері анықталды.
Қаладағы медициналық-әлеуметтік мекемеде жұмыс істейтін азаматтардың бірінің банк шотына 15 мың теңгеден қаражат түсіп отырған.
10 мың теңге мөлшеріндегі ақшаның бір бөлігі жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерімен бірге жедел медициналық көмек орталығында істейтін танысына жолданып, ол кейіннен дерекқорға вакцинациялау рәсімінен өткені туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған.
Қазі мұндай заңсыз қызметтерді пайдаланған барлық азаматтар қылмыстық іс аясында анықталып, олардан жауап алынуда. Ұсталғандардың айтуынша, олар қаланың 30-дан астам тұрғынын жалған вакцинациялаған, алайда тергеудің айтуынша, бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Мұқият тексеру және барлық мән-жайларды анықтау нәтижелері бойынша медициналық базаларға енгізілген жалған мәліметтердің бәрі жарамсыз деп танылады.
«Медицина қызметкерлерінің құқыққа қарсы әрекеттері ҚР ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сараланып, оның санкциясы 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Полиция мұндай заңсыз фактілерге дереу жауап береді, өйткені олар халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді», - дейді ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Дәл сол уақытта Өскемен қаласында теріс нақты талдаулар тапсырмай-ақ, ПТР-тесттерді ресімдеуге көмек көрсету туралы хабарландыруды орналастырған 34 жастағы ер адам ұсталды. Ол өз қызметін 15 мың теңгеге бағалаған. Алайда, ұсынған қызметі үшін «ақшасын» алмады.
Қазір алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, онда 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.