Алматыда субұрқақта тоқ соққан екі оқушы ауруханадан шықты
Олардың жағдайы түзеліп, үйіне жіберілді
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, субұрқақта тоқ соққан сегіз және он жасар екі қыз ауруханадан шығарылды. Олардың жағдайы түзеліп, үйіне жіберілді. Олар дәрігерлердің бақылауында болады.
Жазатайым оқиға 19 маусым күні кешкі уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, фонтан ішіне кірген балалар металл конструкцияны ұстаған сәтте оларды тоқ соққан. Балаларға көмекке ұмтылған әйелді де тоқ соғып, су ішінде құлап түскен.
Зардап шеккен ересек адам мен 8 және 10 жастағы қыздар Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына жеткізілген.
Зардап шеккен әйел әлі де жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол өздігінен демала бастады. Сондықтан науқас өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылған.
Ал, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен әйел мен екі баланы құтқарып қалған Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің 2-курс студенті Абылай Балапановты Мемлекет басшысы «Құрмет» грамотасымен марапаттады.