Сайлау:Ақмола облысында сайлаушылардың 59% дауыс берді

Алматыда субұрқақта зардап шеккен әйел жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды

Өткен жексенбіде қала орталығындағы субұрқақтардың бірінде адамдарды тоқ соғып, ауруханаға жеткізілген еді

Алматыда мемлекеттік цирк жанындағы субұрқақтан зардап шеккен әйел әлі де жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, ол өздігінен демала бастады. Сондықтан науқас өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілші.  

Ал 20 маусымда әйелмен бірге фонтанда электр тоғынан зардап шеккен екі қыздың жағдайы қалыпты. Сегіз және он жастағы науқастар профилдік бөлімшеде тиісті ем алып жатыр. Ешқандай шағым жоқ, деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің маманы. 

Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл дерек бойынша іс қозғалғанын, бірақ нақты кінәлі тұлғалар туралы айтуға әлі ерте екенін мәлімдеді. Үш адамды электр тоғы соққан жағдай бойынша ҚР ҚК 306 бабы 2 бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету дерегі бойынша кінәлілер анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Айта кету керек, өткен жексенбіде Алматының орталығындағы халық көп жүретін қоғамдық орындағы субұрқақтардың бірінде адамдарды тоқ соғып, ауруханаға жеткізілді. Субұрқақты бақылап, қызмет көрсететін кәсіпорын өкілдері зардап шегушілер қауіпсіздік ережелерін өздері сақтамағанын айтқан еді. Компания өкілдері субұрқақтың ішіне түсуге болмайтындығы туралы тақтайшалардың орнатылғанын мәлімдеді. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы