Түркістанда мұғалімді ұстап әкеткен полицей қызметінен уақытша шеттетілді
Қазір Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр
Түркістандағы №15 мектептің мұғалімін әжетхана күзетпегені үшін ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«13 желтоқсан күні Түркістан қаласындағы орта мектеп мұғалімін полиция бөліміне жеткізу фактісі бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қалалық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Тергеу кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің мұғалімге қатысты іс-әрекетінің қаншалықты заңдылығына баға беріледі. Сондай-ақ, Түркістан қаласы ішкі істер басқармасы бастығының лауазымын асыра пайдалану фактісінің бар-жоғы анықталады» делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаменті басшысының бұйрығымен Түркістан қалалық полиция басқармасы бастығы Данияр Мейірхан қызметтік тексеру аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді.
Еске сала кетейік, Түркістанда Мағжан Жұмабаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Бақыт Кеукенов «әжетхана күзетпегені үшін» жазықты болған еді. 31 жылдық өтілі бар ұстазды қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Мейірхан бастаған бір топ полицей ұстап әкеткен еді. Ал бұл жағдайды естіген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімге араша түсті.
Мектеп мұғалімін «әжетхана күзетпегені үшін» ұстап әкеткен қалалық полиция бөлімінің бастығы Данияр Мейірхан ұстаздан кешірім сұрады. Бұл туралы Түркістан әкімі Рашид Аюпов айтты. «Барлық жағдай анықталғаннан кейін мұғаліммен кездестік, ІІБ басшысы одан кешірім сұрады. Сондай-ақ мұндай оқиғалардың қайталанбауы үшін барлық шара қолданылады», - деп жазды Аюпов Instagram желісіндегі ресми парақшасында.