Алматы орталығында жатақхана өртеніп, бір адам қаза тапты
Алматының Алмалы ауданындағы 4 қабатты жатақханадан өрт шықты
Алматының Алмалы ауданындағы 4 қабатты жатақханадан өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«14 желтоқсан күні сағат 17.45-те «101» пультіне Алматы ауданы, Әуезов көшесі, 62 «а» мекенжайында өрт болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Сағат 17.55-те жеткен құтқарушылар 4 қабатты жатақхананың үшінші қабатындағы бөлме ашық жалынмен өртеніп жатқанын анықтаған», - деп мәлімдеді ТЖД.
Қою түтін салдарынан тұрғындар далаға жүгіріп шығып, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Сондай-ақ, өрт шыққан бөлмеде адам болуы мүмкін екенін айтқан.
«Адамдарды іздеу және тілсіз жауды ауыздықтау үшін газ-түтіннен қорғау қызметінің 2 бригадасы жұмылдырылды. Осы мақсатта үшінші қабаттағы терезеге дейін үш иінді саты орнатылып, жалынды өшіруге өрт сөндіру оқпаны берілді. Онымен бір мезгілде эвакуация жолдарын қорғау үшін екінші оқпан пайдаланылды», - деді баспасөз қызметінен.
Бөлмеден бір адамның мәйіті табылды, жынысы және тұлғасы анықталу үстінде.
Қолға алынған шаралардың арқасында өрттің жатақхананың қабырғалас орналасқан бөлмелеріне және өзге қабаттарға таралуына жол берілген жоқ. Жалын 17.59-да оқшауланып, тағы 10 минуттан кейін толығымен өшірілді. Залал келген аумақ - 20 шаршы метр.