$ 520.48  574.61  6.06
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.05.2021, 00:26
Оқиғалар

Түркістанда тауда жоғалған студенттерді іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

28 мамыр күні Сайрам-Өгем шатқалында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды

 

Түркістанда тауда жоғалған студенттерді іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр

Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен студенттерді іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқаны туралы полиция қызметкерлері айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов із-түзсіз жоғалып кеткен жастарды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Оның айтуынша, Төтенше жағдай қызметкерлерімен, шекарашылармен және еріктілермен бірлесіп, 60 полиция қызметкері жұмылдырылып, іздеу жұмыстарына белсенді қатысуда.

«Бұлар негізінен, таулы жерлерде бағдарлауды бес саусақтарындай білетін және белгілі бір тәжірибесі бар жедел бөлімшелердің қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар. Біздің іздеуіміз ауа райы құбылған жағдайда да қиын. Онда жауын болса, тұман болса қар жауады. Жылдың барлық мезгілі бір уақытта. Тек үшінші күні ғана тікұшақты пайдалану мүмкіндігі пайда болды. Іздеу жұмыстарын бастағанда таулардың етегі жасыл әрі күн ыстық болды. Содан кейін біз атпен жүре бастадық. Бір уақытта ыстық салқынмен алмасып, содан кейін күн мүлдем суып кетті. Жылқыларды тастап, әрі қарай жаяу жүруге тура келді. Ұлттық парктің барлық аумағы таулы, қырлы. Көптеген шатқалдар мен ағысы қатты суық өзендер. Кеш түсіп, түн басталғаннан соң таңертең іздеуді қайта жалғастыру үшін тауда түнедік. Өйткені әр минут қымбат болатын. Бүгін жоғалған жастардың үшеуін таптық. Оларды тікұшақпен алып кетті, ал біз одан әрі қарай 4 жігітті іздеуге қайтадан кірісіп кеттік. Бұл оқиғаның соңы сәтті аяқталады деп сенемін. Алладан барлық жоғалған жастардың түгел табылып, өз отбасыларына дін аман оралғанын тілеймін», - деді Құрманбек Сахов.

Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түскен. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.

Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.

28 мамыр күні Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау барысында Сайрам-Өгем шатқалында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды.

Серіктес жаңалықтары