ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды

Олар аман-есен, енді қалған төртеуі іздестіріліп жатыр

Бүгін Қазавиақұтқару тікұшағымен әуеден барлау барысында Сайрам-Өгем шатқалында жоғалған жеті жігіттің үшеуі табылды. Олардың хал-жағдайы жақсы. Қалған туристерді іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

«Қазір Апаттар медицинасы орталығының психологтары жоғалған жігіттердің туыстарына психологиялық көмек көрсетуде. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, шекара қызметінің ат патрулі, ұлттық парк қызметкерлері және жоғалған жандардың туыстары, сондай-ақ Қазавиақұтқарудың екі тікшағы жұмылдырылды», - деді ол.

Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.

Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.

Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.