$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.05.2021, 12:48
Оқиғалар

«Астана су арнасы» басшылары кінәлі»: Нұр-Сұлтан тұрғыны 12 жасар ұлының өліміне жауаптыларды жазалай алмай жүр

Перизат Чиникбаеваның жалғыз ұлы кәріз құдығына құлап көз жұмған

«Астана су арнасы» басшылары кінәлі»: Нұр-Сұлтан тұрғыны 12 жасар ұлының өліміне жауаптыларды жазалай алмай жүр

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Перизат Чиникбаева 2 жылдан бері 12 жасар ұлының өліміне кінәлілерді жауапқа тарта алмай жүр. Айтуынша, жалғыз ұлы «Астана су арнасы» басшыларының жауапсыздығынан қайтыс болған.

Azattyq Rýhy тілшісі 27 мамыр күні өткен алдын-ала сот тыңдалымынан кейін Перизатпен байланысқа шығып, оқиғаның мән-жайын білді.

«Кеше №2 Алматы аудандық сотына ұлымның өліміне қатысты істі қайта тергеу үшін прокуратураға қайтаруларын сұрап, өтініш бердік. Басынан-ақ істің толық тергелмей жатып, сотқа жолдануына қарсы болған едік. Бірақ өтінішімізді қала полициясы да, прокуратура да қанағаттандырмады. 10 маусымға Нұр-Сұлтан қаласының бас прокуроры Ғ.Д. Нұрдаулетовтің қабылдауына жазылдым. Менің талабым – ұлымның өліміне жауапты ретінде қатардағы қызметкерлерді емес, «Астана су арнасының» лауазымды басшыларын қылмыстық жауапқа тарту. Қазір бұл іс бойынша жауап беруші  Алматы ауданына қарайтын бөлім бастығы. Бұрын Қылмыстық кодекстің 254 бабы бойынша (адамның немқұрайлығы) қараса, қазір 103 бап 3 бөлігі «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтыратын денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша қаралуда. Бірақ қабылдау-тапсыру актісін балансқа қатардағы қызметкер емес, бірінші басшы алады. Ол жауапкершілікті алып, бәрін қабылдаған екен кәріз құдықтарының толықтай жабық болуын қамтамасыз етуі тиіс қой», - деп ашынды Перизат.

ЖАУАПТЫ БАСШЫЛАР ӘКІМШІЛІК ЖАЗАҒА ҒАНА ТАРТЫЛҒАН

Марқұм Бақдаулет Өмірхан 2019 жылдың ақпан айында Астана уақытымен шамамен сағат 17.30 кезінде Теміржол (40-шы станция) ауданындағы үйінен сырғанақ тебуге барамын деп шығып, ауласынан 100 метр жерде орналасқан беті ашық кәріз құдығына құлап мерт болады. Із-түзсіз жоғалған жеткіншекті 300-ге жуық адам 4 тәулік бойы іздеген. 

«Осы іспен жүргеніме 2 жыл уақыт болды. «Астана су арнасы» Теміржол ауданындағы №22 мектеп желісіне тиесілі 17 кәріз құдығының кейбіреуінің бетін жабуды ұмытып, мүлдем қараусыз қалдырған. Аудандарда әр квартал сайын кәріз құдықтарын тексеріп, бақылап тұратын кесте түзілген. Бірақ іс жүзінде кесте бойынша тексеріс жүргізген маман жоқ. Канализациялық құдықтар архитектура бойынша, халық өмірі үшін аса қауіпті болып табылады. Демек мұндай нысандарды олар ерекше бақылауға алулары тиіс. Себебі ол құдыққа бала-шағадан бастап, зейнеткерге дейін аяғы тайып, құлап кетуі әбден мүмкін. Олардың канализациялық құдықтарды ашық күйінде қабылдауларының өзі қылмыс. Қабылдау-тапсыруға қол қойған бүтін құрамды соттап жіберуге болады. Директордың бірінші орынбасары, бас инженер Вилков Сергей 2000 жылдан 2019 жылға дейін «Астана су арнасында» жұмыс істеп, қабылдау-тапсыруды толықтай жүзеге асырған. Бірақ Сергей жәй ғана әкімшілік жазаға ілініп, жұмыстан шығарылып отыр. Бір емес еріктілер сол кезде 100-ге жуық кәріз құдығының ашық жатқанын көрген. Бәлкім, олардың ұлдары мұндай аудандарда таңертеңгі тас қараңғыда мектепке жаяу барып, кеш батқанда жаяу қайтпайтын болар... Бірақ неге қарапайым халықтың балалары зардап шегіп, қиналып өлуі тиіс?! Менің ұлымды төрт тәулік іздедік, оның жаны қиналғанын ойласам өзімді қоярға жер таппай кетемін», - деген Перизат тұтқаның ар жағында көз жасын тыя алмады.

«1 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АҚША МЕН МЕКЕМЕДЕН ЖҰМЫС ҰСЫНДЫ»

«Астана су арнасы» басшылары осы күнге дейін бірде-бір рет қара жамылып отырған анаға хабарласып, кешірім сұрамаған. Оқушыны жерлеген күні өзін мекеменің Кәсіподақ мүшесімін деп таныстырған ер адамнан ақша беріп жіберген.

«Ұлым қайтқан күні Теміржол (40-шы станция) ауданының кәсіпкерлер одағының атынан бір қарт кісіден 1 миллион теңге беріп жіберген. Ол қаражаттың бәрі ұлымның жерлеуі, Тараз қаласына жеткізумен-ақ кетті. Кейін мешітте ас берген кезде сол кәсіподақтан келген ата 300 мың теңге ақша алып келді, байланысқа да тек сол шығады. «Бұл дегеніңіз Алланың ісі ғой» деп жұбатқан болып, істі жаба салуды сұрайды. Одан кейін «Астана су арнасына» бақылаушы ретінде жұмысқа тұрсам, маған уақытша тұратын жатақхана бере алатындарын айтты. Кім жалғыз ұлының өліміне кінәлі мекемеде жұмыс істей алады? Бұл дегеніңіз адамды мазақ ету ғой. Бақдаулеттің өлімінен кейін күйеуім  екеуміздің арамыз суып, ажырасып кеттік. Істі созудан шаршамайтын сотқа шапқылаудан, бәрін бастан-аяқ айта беруден қажып, қазір жиі сырқаттанып жүрмін. Олар менің ұлымды өлтіріп қана қоймай, өмірімнің астаң-кестеңін шығарып отыр. Мен осы елге салық төлеп отырған азамат ретінде құқық қорғау ұйымдарынан тергеуді әділ өткізуді сұраймын! Әкімшілік жаза немесе қатардағы қызметкерді жазалай салумен істі жаппаңыздаршы. Күні ертең сіздердің балаларыңыздың сол құдықта жанталасып жатып көз жұмбасына кім кепіл?!», - деді ашынған ана.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары