Шымкентте қыз зорлады деп айыпталған 15 жастағы жасөспірім сотталды
8 жасар қызының зорланғанын жанында ұйықтап жатқан анасы сезбеген
Шымкентте жасөспірім 5 жылға сотталып кетті. 15 жастағы оқушы 8 жастағы қыз балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеті үшін айыпталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы оқиғаның былтыр шілдеде болғанын баян етті. Сотта келтірілген деректерге сүйенсек, сотталған оқушы жәбірленушінің ұйықтап жатқан сәтін пайдаланыпты. Бұл сұмдықты шырт ұйқыда жанында жатқан ересектер сезбеген.
Судья Әбинұр Қарабевтың мәліметінше, 8 жастағы қыз анасымен сол уақытта сотталғанның үйінде пәтер жалдап тұрған екен.
«Түнгі уақытта көрші тұратын 8 жасар қызды тапшанда ұйықтап жатқанын пайдаланған. Олар негізі сол тапшанда бәрі бірге ұйықтаған. Соны пайдаланып, қыздың ұйықтап жатқанын және дәрменсіз күйін пайдаланып оған қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасаған. Сотта кәмелетке толмаған 15 жастағы бозбаланың кінәсі толығымен дәлелденді», - деді Шымкент қалалық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.
Қыздың анасы сотталған оқушыға кешірім беріпті. Алайда, зорлық-зомбылық аса ауыр қылмыс санатына жататындықтан, жәбірленушінің кешірімі оны ақтап алуға негіз болмайды деді судья. Тек оқушының кәмелет жасына толмағаны ескеріліпті.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, былтыр осыған ұқсас 7 іс қаралып, үкім шыққан. Биылғы төрт айда бұл екінші іс болып отыр.