ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Қарағанды облысында бір ай бұрын жоғалып кеткен кәсіпкердің денесі табылды

Марқұм су тасқыны болған кезде көлігімен бірге жоғалып кеткен болатын

 

Бір ай бұрын Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Кәрім Мыңбаев ауылынан көлігімен шығып кетіп, қайтып оралмаған ер адамның денесі табылды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Нұра ауданында жүргізілген ұзақ уақыт іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 5 мамырда Қарағанды облысы ТЖ департаментінің құтқару бөлімшелері Тассуат ауылының маңында 8 сәуірде жоғалып кеткен 1958 жылы туған Н.Х. Сүлейменовтың денесін тапты», - деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Оның айтуынша, 10 сәуір мен 5 мамыр аралығында Нұра өзенінің арнасы бойында іздеу жұмыстары барлық тәсілді қолдана отырып жүргізілген. Талдау әдісімен 32 шақырым жерді жүріп өтті, эхолотпен 23 шақырым жер тексерілді, көзбен шолып 75 шақырым тексерілді, квадрокоптермен 35 шақырым тексерілді.

Ол сондай-ақ, жаяу тәртіпте Нұра өзенінің 45 шақырым арнасы зерттелгенін айтты. ТЖД кинологиялық есеп топтары 18 шақырым жерді тексерді, жүзу құралдарында ұзындығы 170 шақырымнан асатын өзен арнасының су кеңістігі тексерілді.

«Іздеу жұмыстарына тікұшақ та тартылды. Бұдан басқа, аэровизуалды тексеру үшін мотопарапландар тартылды, олар шамамен 30 шақырым жерді тексерді», - деді Талғат Уәли.

Өзен арнасы бойындағы іздеу жұмыстары судың үлкен деңгейімен, түбінің күрделі рельефімен, шұңқырлармен, лайлы су астында көру мүмкіндігінің болмауымен, өсімдіктердің көптігімен қиындай түсті.

Дегенмен, құтқарушылар үміт үзбей, іздеу жұмыстарын жалғастырды.

«Қаза болған адамның денесі көлік табылған жерден 4 шақырым қашықтықта жағадан судың ортасына қарай 50 м жерден табылды», - деді ТЖМ ресми өкілі.

Еске салсақ, Нұра ауданында су деңгейі көтерілген кезде жеке автокөлігімен жолға шыққан шаруа қожалығының басшысы із-түзсіз жоғалып кеткені туралы жазған болатынбыз.

Нұрлан Сүлейменов жеке автокөлігімен Кәрім Мыңбаев ауылынан Тассуат ауылына шыққан, алайда діттеген жеріне сол күйі бармаған. Жергілікті тұрғындар су басып қалған жолдан көлігімен өтіп кетпек болғанда, оны су ағызып әкеткен болуы мүмкін деп болжам айтқан еді. Алайда құтқарушылар ер адамның тасыған судың құрбаны болды деп айтуға әлі ерте екенін, өйткені 1958 жылғы азамат жоғалып кеткен күні су деңгейінің көтерілгені туралы хабарлама түспегенін, су деңгейінің кейінірек көтерілгенін мәлімдеген болатын.