Шұғыл«Тағы да антирекорд»: Қазақстанда өткен тәулікте 6 521 адамнан коронавирус анықталды

Қарағанды облысындағы су тасқыны: бір тұрғын із-түзсіз жоғалып кетті

Жергілікті тұрғындардың болжамынша, ер адам көлігімен бірге суға батып кетуі мүмкін

 

Қарағанды облысы Нұра ауданында су деңгейі көтеріліп, бірнеше жол жабылып қалды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.  

Алайда ауданда су деңгейі көтерілген кезде жеке автокөлігімен жолға шыққан шаруа қожалығының басшысы із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы хабарлама patriotkaragandy instagram-паблигінде жарияланды.  

Ақпаратқа сәйкес, Нұрлан Сүлейменов 8 сәуір күні жеке автокөлігімен Кәрім Мыңбаев ауылынан Тассуат ауылына шыққан, алайда діттеген жеріне сол күйі бармаған. Жергілікті тұрғындардың болжамынша, ол су басып қалған жолдан көлігімен өтіп кетпек болғанда, су ағызып әкеткен болуы мүмкін. Сол себепті көлік те, жүргізуші де суға батып кетуі әбден ықтимал.

Алайда құтқарушылар ер адамның тасыған судың құрбаны болды деп айтуға әлі ерте дейді. 

«8 сәуірде, яғни 1958 жылғы азамат жоғалып кеткен күні бізге су деңгейінің көтерілгені туралы хабарлама түскен жоқ болатын. Су деңгейі кейінірек көтерілді. Оның үстіне, тұрғынның жоғалып кеткені туралы туыстары бірден емес, екі тәулік өткен соң ғана хабарлады. Адам жоғалғаны туралы хабарлама 10 сәуір күні түнгі сағат үште түсті. Шағымданушының айтуынша, 7 сәуірден 8 сәуірге қараған түні ер адам өзінің автокөлігімен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті халықты жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына тікұшақ та тартылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.  

11 сәуір күнгі сағат 13:00-дегі дерекке сүйенсек, Нұра ауданы Нұра ауылы маңындағы Құндызды өзенінің суы арнасына түскен.

«Су тасыған жерде бөгеттерді бекіту жұмыстары және Құндызды өзеніндегі мұз кептелісін жою үшін жару жұмыстары жүргізілді. Өткен тәуліктерде өзеннің бес учаскесіндегі мұз жару жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта елдімекенге еш қауіп төніп тұрған жоқ. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау тасжолының 104 шақырымындағы су тасқыны басылды. Су басқан аумақтағы жол қапталдарына қиыршық тас себілді», - деді аймақтық ТЖД өкілі.    

Қарағанды облысының өзге өзендерінде су арнасы білетіп қалмас үшін мұз жару жұмыстары жүргізіліп жатыр.