Маңғыстауда арқар атқан броконьерлер жергілікті полицейлер болып шықты – БАҚ
Қызылсай табиғи паркі аумағында арқар атып алған қарулы төрт адам ұсталды

23 сәуірде Маңғыстау облысының табиғат қорғау инспекторлары Қызылсай табиғи паркі аумағында арқар атып алған қарулы төрт адамды ұстады. Бұл туралы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Талғат Әленов мәлімдеді.
Инспекторлар қашуға талпынған Toyota Hilux көлігін ұстап, төрт адам отырған көліктен оқ-дәрілер мен аңшы мылтықтары және ұсталған жерден алыс емес тұста арқардың ұшасы табылған.
Талғат Әленовтәің айтуынша, оқиға орнына тергеу тобы шақырылған. Ал, қосымша ақпарат құзыретті органдардың мүдделері үшін жария етілмейді.
Дегенмен, Азамат Сәрсенбаев есімді Facebook қолданушысы парақшасында ұсталғандардың Маңғыстау облысының учаскелік полиция қызметкерлері екенін мәлімдеді.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.