ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 2549 адамнан коронавирус анықталды

Түркістан облысында жайылымнан мал ұрламақ болғандар қылмыс үстінде ұсталды

Тергеу кезінде күдіктілердің 2019 жылы жасалған өзге де мал ұрлықтарына қатысы бары анықталды

Түркістан облысында жайылымнан мал ұрламақ болған тұрғындар қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қалалық полиция бөліміне екі жергілікті тұрғын арызданып, олардың жайылымда жүрген алты бас сиырын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізеді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 1,6 миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды. 

Ақпарат алысымен мал ұрыларын ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Куәгерлерден жауап алып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Осындай жедел әрекеттің нәтижесінде, полицейлер күдіктілердің ізіне түсіп, ұстады. Қалалық полиция бөліміне жеткізілген екі күдікті Түркістан қаласының тұрғындары болып шықты. 

Тергеу барысында анықталғандай, күдіктілер күндізгі уақытта жайылымда қараусыз жүрген ірі-қара малдарды айдап әкетіп, шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ескі қораға қамап кеткен. Содан қараңғы түскесін оңай жолмен келген олжаларын көлікпен артып әкетпек болғанда, ойлары іске аспай қалады. Полицейлер ұрыларды ұстап, айғақты зат ретінде ұрланған сиырларды тәркіледі. Төрт түлікті заңды иелеріне қайтарып берді. 

Одан бөлек, тергеу кезінде күдіктілердің 2019 жылы жасалған үш мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ол кезде мал ұрылары басқа тағы үш сыбайласымен бірге тоғыз сиыр мен бір бас жылқыны жымқырғаны белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеге жуық болған. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсаған. 

Бүгінде полицейлермен барлығы төрт күдікті ұсталды, бесінші күдіктіні ұстау шаралары жүргізілуде. Күдіктілердің барлығы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.