ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Алматы облысында ұнатқан қызы қарамай қойған жігіт мылтықпен сойқан салған

Оқ тиіп жараланған бір адам жансақтау бөлімінде жатыр 

Алматы облысында сөз салған қызы қарамай қойғаны үшін жас жігіт мылтықпен сойқан салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап, 

Қыз қонақтап барған үйдің қожайынына оқ атып, балаларын қорқытыпты.

Жараланған азаматтың ауруханада аяғын кесуге тура келген. Қазір ол жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Ал айдың-күннің аманында бүлік бастаған күдіктінің аты-жөні белгілі болғанымен, полиция әлі таппай жатыр. 

"Күйеуімді мына жерде жайдан-жай атып кетті. Оны құтқарамын деп жүргенде, өзімді жағамнан бұрап ұстап алды. Оны мен жан айбатпен қашып үлгердім. Ол құдаша, сонымен неше жыл сөйлескен, сөйлескеннен кейін басқа жігітке тұрмысқа шығайын деп жатқан. Сол нашақор жігіт келіп, өш алайын деген шығар деп ойлаймын", - дейді жәбірленуші Салтанат Сұлтанова. 

Өзіне қарамай өзгенің қолын ұстаған аруға ашуланған есер сезімді сойқан қызғанышты қарумен шатастырып алғандай. Үй иесін атқаннан бөлек, ішке кіріп ойранды әрі қарай жалғастырыпты. Бұл есіктегі тесік сол жігіттің қолтаңбасы. Қапелімде қайтерін білмей сасқандар кішкентай балаларымен үй артындағы шарбақтан секіріп қашқан.

"Әрең дегенде жармасып жүріп, әйтеуір шарбақтан секірдік. Балаларды алып лақтырдық, жерге қарай. Екінші сіңлім секіріп жатқан кезде қолы кесіліп, сіңірі үзіліп кеткен", - дейді жәбірленушінің қызы Әсел Қайырбаева. 

Қолына қару алып бүлік салған күдікті алдымен есіктен кірмек болған. Іштен жабық болған соң, атуға бел буған. Ол әрекетінен түк шықпаған соң, қаңылтыр шарбақты теуіп ішке басып кірген. Қабырғаның бәрі оқтан шұрық-тесік. Жалпы оқиға орнында бас-аяғы 17 оқты санаған. 

Күдіктінің аты жөні – Абылай Мадалиев. Полицейлер Қаскелең қаласындағы мекен-жайынан таппаған соң, іздеу жариялады. Оқыс оқиға болған Шалқар ауылының тұрғындары бұл жігіттің «жалғанды жалпағынан басуы» бірінші рет емес, әкесінің арқасында үнемі сытылып кетеді дейді. Әзірге оны іздеу оң нәтижесін бермеді.

"Аталған қылмысты тексеру барысында Қаскелең қаласының 29 жастағы тұрғыны анықталды. Қазір оны қолға түсіру бойынша жедел іздестіру шарасы жүргізілуде. Істің себептері мен мән-жайы анықталатын болады", - деді Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы. 

Құдашасы үшін оққа ұшқан бір үйдің отағасы Хитқожа Қайырбаев Қаскелеңдегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Көп қан жоғалтқан. Жарақаты ауыр болғандықтан, сол аяғының жартысын кесіпті. 

"Ауруханаға түскенде барлық ем-дом жасалды. Ота жасалды. Ауруханамызда қанға қажет компоненттер бәрі бар. Жағдайы әлі ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр", - дейді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы КМК жарақат бөлімінің меңгерушісі Алтай Достияров. 

Қырғынға себепкер болған құдашаның өзі әңгімеден ат-тонын ала қашты. Ал махаббат машақатымен қылмысқа барған жігітке «Адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды.