ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Түркістанда полиция қызметкеріне пара бермек болған тұрғын ұсталды

Пара ұсынған тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

 

Түркістан қаласы көшелерінің бірінде полиция қызметкеріне пара бермекші болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан қаласында тәртіп сақшысына жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, оны жасыру үшін пара бермекші болған жүргізуші ұсталды. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығының тұрғыны өзінің басқаруындағы «Ваз-2107» маркалы автокөлігімен қос сызықты қиып өтіп, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен.

«Өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген Түркістан ҚПБ ППР-ның инспекторы полиция аға лейтенанты Батыр Алимов, жүргізушіге заңды шара көру мақсатында ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырады. Одан әрі көлігін айыптұраққа қою кезінде жүргізушінің әкесі келіп, ұлының көлігін айыптұрақтан шығаруға және әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы толтырмауға қатысты өтініш айтып, ақша ұсынады. Тұрғынның бұл заңсыз әрекеттері тәртіп сақшыларының бейнежетондарына тіркелген», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабымен хаттама толтырылған. Одан бөлек, пара ұсынған тұрғынға қатысты ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі «Пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.