$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.04.2021, 23:57
Оқиғалар

Аяжан Еділованың денесін жақындары жер қойнына тапсыра алмай отыр

Атышулы қылмыстық іске қатысты Ішкі істер министрлігі түсінік берді

Аяусыз өлтірілген Аяжан Еділованың денесін жақындары әлі жер қойнына тапсыра алмай отыр. Мұны марқұмның туыстары айтты. Олар қоғамда тараған қауесеттер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында жасалып жатыр деп топшылайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Аяжан пәктігін саудалаған» деген ақпаратты ол оқыған колледж ұстаздары жоққа шығарды. Олар бойжеткеннің оқуда озат әрі өзінің өте тәрбиелі болғанын айтады. Сондықтан «Аяжан күдіктінің үйіне 500 мың теңге үшін барған» дегенге сенбейді.  

«Мен бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Өйткені ол қызды мен басқа жағынан білемін. Қазақи, қарапайым қыз болған. Өзінің сөйлесіп жүрген жолдасы болды. Осы соңғы курсы еді, 4 жыл бойы осы колледжде оқып шықты, бірінші курстан бастап грантта оқыды. Үлгілі, үздік оқушылардың бірі болды», - дейді ұстазы Томирис КУСТОВА.  

Дизайн және технология мамандығына түскен Аяжан кейін киім дизайнымен әуестеніпті. Жасаған жұмыстарын әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеп отырған. Колледж директоры бойжеткеннің қосымша сән салонында да жұмыс істегенін айтты.

«Еділова Аяжанның өзінің коллекциялары болатын. Ол жұмысын өте ерте бастады. Басқа студенттер одан үлгі алатындай жан-жақты қыз болатын. Бізге көмектесетін бос уақыты болмайтын. Оның артық жүрісін ешқашан байқамағанмын», - деді «Сымбат» дизайн және технология академиясы колледжінің директоры Гүлнәр ОРАЗЫМБЕТОВА.

Түрік тілінің ұстазы Әйгенім Үсенова Аяжанның арманы асқақ еді деп еске алды. Ол тіл үйреніп, шетелге барып жұмыс істеуді жоспарлаған еді деп отыр.  

«Жексенбі күні, яғни 14 наурыз күні ол менен сабақ оқыды. Сосын 17-сінде келді. Сол кезде «Аптасына үш рет келсем қалай? Жазға дейін түрікше үйрене аламын ба?» деп сұрады. Аяжанды жеңілжүрісті қыз деп айта алмаймын. Ол өте аңқау қыз, мүмкін, алдап шақырған шығар», - дейді ұстазы Әйгерім ҮСЕНОВА.

Жатақханада көрші тұрған Баян да соңғы күндері болып жатқан жайттардан ес жия алмай жүр. Ол қылмысқа барды деген күдіктіге қатысты қандай да бір әңгімені Аяжанның аузынан еш естімеген екен.

«Арамызда қаншама әңгіме болды. Бірақ ол ондайға баратын қыз емес. Алдап шақырған шығар. Жұмыс бабымен. Өйткені ол жұмысқа қатты беріліп кеткен болатын», - деді құрбысы Баян БАЛТАБАЙ.

Ал сұхбат беруден бас тартқан Аяжанның туыстары марқұмның денесін әлі жер қойнына тапсыра алмай отырғанын айтты. Олар «Тергеу салдарынан дене бөлшектері бізге берілмей отыр» дейді. Ал қоғамда тараған қауесет әңгімелер күдіктінің жазасын жеңілдету мақсатында шығарылған деп топшылайды. Атышулы іске қатысты Ішкі істер министрлігі түсінік берді.

«Бұл қылмыстық істі 26-шы наурыздан бастап арнайы прокурорлар жан-жақты тергеп жатыр. Біз тергеу барысын жария ете алмаймыз. Оны таратуға немесе қандай да бір ақпарат айтуға құқығымыз жоқ. Қазір 28 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр», - деді ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу бөлімінің бастығы Ермек ШҮЛДЕН.

Естеріңізге салсақ, 19 жастағы Аяжан 19 наурыз күні кешкісін жұмыстан шығып, қайта оралмаған еді. Оның бөлшектелген денесі араға екі күн салып Нұркент ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.

Айта кетейік, күдікке Түркістан облысының 28 жастағы тумасы ілікті. Оның кінәсі дәлелденсе, Қылмыстық кодестің 99-бабы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Серіктес жаңалықтары