$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.03.2021, 12:19
Оқиғалар

Алматыда қаскөй қыздың денесін бөлшектеп, қаланың әр жеріне апарып тастаған

Қазір қылмыстық іс тергеліп жатыр

Алматыда қаскөй қыздың денесін бөлшектеп, қаланың әр жеріне апарып тастаған
Фото: ашық дереккөзден

Алматы қалалық полиция департаменті 19 жастағы қыздың өліміне қатысты толымды ақпараттармен бөлісті. Күдікті ер адам Аяжан Еділованы 19 наурыз күні түнде өлтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қанқұйлы қылмысты жасады деп айыпталып жатқан күдіктімен жас қыз 16 наурызда әлеуметтік желіде танысқан. Ал 19 наурызда ол Алатау ауданындағы көпқабатты үйлердің біріне кездесуге барған. Аяжан Еділованың үйге өз еркімен кіріп бара жатқанын ауладағы бейнекамералар көрсетті. «Ал оны күдіктінің қандай мақсатпен шақырғаны белгісіз», деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.                                                 

«Қалалық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қоңырау 20 наурыз сағат 16:06-да келіп түсті. Оның туысқан әпкесі хабарласып, қыздың жоғалғанын хабарлады. Іздестіру үшін арнайы топ іске кірісті. Сол күні Аяжан Еділованың соңғы рет кіммен сөйлескені анық болды. Ол интернеттегі танысу айдары арқылы Т. есімді азаматпен уағдаласып, кездесуге кеткені анықталды. Көп ұзамай күдіктінің жеке басы анықталып, оның қайда тұратынын біліп, пәтеріне арнайы жасақ жіберілді. Күдікті пәтерде тығылып отырған, полиция жасағы есікті бұзып кірген сәтте ол өзіне қол салды. Кеуде, мойын тұсынан бірнеше жерден пышақ жарақатын жасап үлгерген», - деді полиция өкілі.

Қыздың сол кездесуге барған түні сағат 00:00 мен 01:00 аралығында өлтіріліп, денесі бөлшектелгені анық болды. Күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қыздың денесін қаланың әр ауданындағы қоқыс контейнерлеріне апарып тастағаны анықталды. Ұсталған азамат жедел іздестіру тобына бұл мәлметтерді өзі айтып берген. Қазір күдікті Қалалық №7 клиникалық ауруханасында жатыр. Оған операция жасалып, палатаға ауыстырылды. Полицияның арнайы жасағы күзетіп тұр, денсаулығы оңалған соң, уақытша оқшаулау изоляторына қамалады.  

«Қазір оның «маняк» екендігі туралы ақпаратты растай алмаймыз. Осыған ұқсас қылмыстар жасағаны туралы мәліметтер жоқ. Түркістан облысының тумасы, бұрын сотталмаған. Арнайы прокурор мен ПД жанынан құрылған арнайы тергеу тобы  қылмыстың себебін анықтайды. Ол үшін бірнеше сараптама тағайындалды. Алдын ала сұрақ-жауап барысында күдікті екеуара жанжал шыққанын, содан соң қызға қол салғанын айтты», - деді Алматы қаласы Прокуратурасының арнайы прокуроры Қанат Күнғожинов.  

Қазір іс ҚР ҚК 99 бабы, 2 бөлімі бойынша тергеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары