Қызылордада үш бірдей жылқыны атып алған күдікті ұсталды
Ол жайылымдағы жылқыларды атып өлтіріп, бірден сойып алып кеткен
Қызылорда облысында бөтеннің жылқыларын мылтықпен атып сойып алған мал ұрысы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қармақшы аудандық полиция бөліміне «ІІІ-Интернационал» ауылының 3 бірдей тұрғыны жылқыларының жоғалып кеткені туралы арызданып келген.
«Ақпан айының 4-інен 5-іне қараған түні белгісіз біреулер бөтеннің мүлкін жасырын түрде ұрлап кету мақсатында «ІІІ-Интернационал» ауылына қарасты мал жайылымына арнайы барған. Жайылымда жүрген 3 бас жылқыны атып алып, сол жерде сойып, оқиға орнынан бой тасалаған», - делінген ПД хабарламасында.
Аудандық полиция бөлімінің жедел-іздестіру шараларының барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол еш жерде жұмыс істемейтін, Жосалы кентінің тұрғыны болып шықты. Айғақ заттар алынды. Казіргі таңда күдікті қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1 бабының 3-бөлігімен (мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.