Бюджет қаражатын жымқырған бас бухгалтер танымал боксшы Жанат Жақияновтың атына кір келтірді

Жанат Жақиянов міндетін дұрыс орындамағаны үшін басқарма басшысынан қатаң сөгіс алды

Бюджет қаражатын жымқырған бас бухгалтер танымал боксшы Жанат Жақияновтың атына кір келтірді
Жанат Жақиянов, мектеп директоры

СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Ернар Баянғазин мен облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының қатысуымен «Antıkor ortalyǵy» алаңында бокстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің бас бухгалтерінің бюджет қаражатын жымқыру фактісін қарады.

Петропавл қалалық сотының үкімімен бас бухгалтер 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болды. Облыстық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

«2017 жылғы маусым мен 2020 жылғы ақпан аралығында бас бухгалтер қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, нақты деректерді қасақана бұрмалап, өзіне 23 млн 781 мың теңге бюджет қаражатын негізсіз аударды, бұл сот-экономикалық сараптаманың қорытындысымен дәлелденді», - деді Ернар Баяғазин.

Тергеу барысында бухгалтердің қаражатты өз шотына заңсыз аудару үшін бокс мектебі басшыларының электрондық-цифрлық қолтаңбасымен бекітілген электрондық төлем шоттарын пайдаланған. Бұл жағдайды мектеп басшылары – Н. Әбдірахманов пен Ж. Жақияновтың білмейтіні, олардың ЭЦҚ-сы бас бухгалтерде болғаны анықталды.

Дегенмен, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны және ведомстволық бақылаудың жоқтығы үшін Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы бокстан олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Ж. Жақияновқа қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза жариялады.

Еске сала кетейік, 2018 жылы кәсіпқой бокстағы карьерасын аяқтаған Жанат Жақиянов Петропавл қаласындағы бокстан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры болып тағайындалды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.