$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.12.2020, 14:55
Оқиғалар

2020 жылдың басты оқиғалары: Қордайдағы қақтығыс, Бозжырада қонақүй салу, «Борат» фильмінің жалғасы

Azattyq Rýhy тілшісі 2020 жылы елді елең еткізген жағдайларға шолу жасады

2020 жылдың басты оқиғалары: Қордайдағы қақтығыс, Бозжырада қонақүй салу, «Борат» фильмінің жалғасы
Фотоколлаж

Жыл басында Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай тәртіпсіздік жағдайы тіркелді. 8 ақпан күні аталған ауданға қарасты үш ауылда екі мыңға жуық адам жаппай тәртіпсіздік жасап, салдарынан 11 адам қаза тапты. 140 азамат пен 20 полиция қызметкері түрлі дене жарақатын алды. 164 тұрғын үй және сауда объектісі, 100-ден астам автокөлік зақымданды. Тәртіпсіздікке қатысты 342 адам жәбірленді. Соның нәтижесінде, 400-ден астам түрлі сот сараптамасы жүргізіліп, 1,5 мыңнан астам адамнан жауап алынды. Қақтығысқа қатысқандар 10 ай бойына тергеліп, оларға қатысты сот отырысы желтоқсан айының басында басталды. Іс бойынша 51 адам сот үкімін күтуде. Оның 10-ы кісі өлтірді деген күдікке ілінсе, қалғаны жапппай тәртіпсіздікке қатысып, қарақшылыққа жол берді деп айыпталуда. Жалпы, Қордай оқиғасы мемлекетке 829 млн теңгеден аса шығын келтірді. 

Мамыр айында көрші Өзбекстан еліндегі Сардоба су қоймасы жарылып, соның салдарынан еліміздің оңтүстігінде орналасқан ондаған ауыл су астында қалды. Дәлірек айтқанда, Мақтаарал ауданының бес елдімекеніндегі 866 тұрғын үй зардап шекті.

Тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына сапары барысында апаттан зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесіп, жаңа ықшамауданның құрылысымен танысып қайтты.

Жалпы төтенше жағдайдан 4 мыңға жуық халық зардап шекті. 500-ден астам баспана толығымен бұзылып, қайта салынды. Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елдімекендерінің тұрғындары үшін Мырзакент ауылында жаңа ықшамаудан бой көтерді. Бұдан бөлек, әрбір отбасы мүшесіне 100 мың теңгеден көмек берілді. Өргебас, Фирдауси ауылдары қайта қалпына келтірілді. Сонымен қоса, апаттан баспаналары бүлініп-қираған тұрғындарға 17 миллион теңгеден берілді.

13 шілдеде елімізде әлемді жайлаған коронавирус инфекциясынан көз жұмған марқұмдарды еске алу үшін Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Елорда уақытымен сағат 12:00-де бір минут үнсіздік өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды құрметпен еске алды. Сонымен қатар, рәсімге Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Президент кеңсесінің бастығы Нұрлан Онжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты.

Ал басқа министрлер мен министр орынбасарлары Министрліктер үйінің алдына шығып, коронавирустан көз жұмғандарды аза тұтты.

Табиғи аймақтарды қорғау мәселесі де биылғы жылдың өзекті тақырыптарының біріне айналды. Ақмола облысында орналасқан «Көбейтұз» көлі жаздыгүні көпшіліктің ең көп барған жері болды. Алайда демалушылардың көлге келтірген зиянды әрекеті табиғат жанашыларының сынына ұшырады. Бұл мәселеге қатысты Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берді: «Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қоршаған ортаны ластап, табиғатқа аяусыздық танытқандарға салынатын айыппұл мөлшері көбейетінін айтты.

Сонымен қатар, маусым айында Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз көлін оқшау немесе бiрлесiп пайдалануға беру жөнiнде конкурс жариялаған болатын. Алайда, Экология министрі 22 шілдеде Көбейтұз көлін конкурсқа шығармау туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Еске сала кетейік, 20 шілдеден бастап елдегі карантин жағдайына байланысты Көбейтұз көліне баруға тыйым салынды.

Британдық актер сомдаған әйгілі «Борат» фильмінің екінші бөлімі қазақстандықтардың біраз ашуын тудырды. Кинотуындының сюжеттік желісінде ойдан шығарылған қазақстандық қоғам мазаққа айналған. АҚШ-та түсірілген «Борат-2» фильмін насихаттау мен прокат алдындағы жарнамалық шаралар АҚШ, Аустралия және Ұлыбритания елдерінде белсенді түрде ұйымдастырылды. Фильмнің мазмұнына шүйліккен қазақстандық белсенділер 23 қазан күні АҚШ-тың Алматыдағы бас консулдығының алдына келіп, туындының әлемдік прокатқа шығуына қарсылық танытты. Ал еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Жауапты ведомство Қазақстанда бұл фильмді көрсету үшін прокатқа өтінім түскен кезде ресми түрде жауап беретін болады» деп атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстандағы АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер «Бұл – бар болғаны, кино. Көрермен киноға барады, көреді, сонымен бітті» деп пікірін білдірді.

Қараша айының басында туристік нысандарды арттыру мақсатында Бозжыра шатқалында (Маңғыстау облысы – авт.) қонақүй салу мәселесі халық арасында қызу талқыға түсті. Көпшлік табиғи аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізуге қарсылық білдірді. Артынша Экология министрі Бозжыра аумағындағы нысанның құрылысы қоғамдық тыңдаудан, заңға сәйкес тиісті органдарда экологиялық сараптамадан өтетінін мәлімдеді. Көпшіліктің теріс пікірін ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Ал 12 желтоқсан күні Экология министрлігі Бозжырадағы қонақүйдің нақты қай жерде бой көтеретінін мәлімдеді. Туристерді тарту мақсатында іске асырылатын жоба Жабайұшқан қамалының сыртына салынбақ.

2019 жылдың ақпан айында болған бес қыздың өлімі дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Қайғыдан қан жұтқан отбасын қоғам әлі де ұмыта қойған жоқ. Десе де, биыл Ситерлер отбасы тағы да балалы болды. Сүйінші жаңалық әлеуметтік желіде жарияланып, жан-жақтан қазақстандықтардың құттықтаулары тарады.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары