Бозжырадағы қонақ үйдің қай жерде салынатыны белгілі болды

Министрлік тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып барған

Бозжырадағы қонақ үйдің қай жерде салынатыны белгілі болды
Фото: ашық дереккөзден

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Бозжырада экологиялық туризмді дамыту мәселесі талқыланған кездесу қорытындысы туралы мәлім етті. Бұл туралы ол Twitter парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Мемлекет басшысының Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында ғалымдармен, биологтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті экобелсенділермен және қоғам қайраткерлерімен кездесу өткіздік. Барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ортақ ой айтты», - деп жазды ол. 

Министрдің айтуынша, туризмді дамыту мен Бозжыра сияқты бірегей табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың арасында тепе-теңдік болуы керек. Министрлік жобаның әлеуетін бағалап, кеңестерін беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып барған. Жергілікті қоғам белсенділері ғалымдармен бірге қонақ үй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек деген ойды алға тартқан.

«Сондықтан тұрғындар мен ғалымдардың, қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақ үй орны Жабайұшқан қаумалының сыртына ауыстырылады. Инвестор компания өкілдері өз тарапынан жобаны жүзеге асыратын орынды қаумалдан тыс жерден таңдауға дайын екендерін жеткізді», - деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.