Көкшетау тұрғыны «дуаны» алдыру үшін 600 мың теңге берген
Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды
Көкшетауда өзінің басына дуа жасалған деп санаған жігіт анасының 600 мың теңге ақшасын алаяқтың қолына өз қолымен ұстатып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жігіт әлеуметтік желі арқылы танысып, магиялық қызмет ұсынған әйелге сеніп, барынан айырылған.
Жәбірленуші, 26 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны осы жылдың 8 қарашасында полицияға арызданған. Жігіттің айтуынша әлеуметтік желіде өзін «Кристина» деп таныстырған әйелге анасының 600 мың теңгеден астам ақшасын ұстата салған. Әйел «дуаны алу» және басқа да жөн-жоралғыларды жасау үшін қомақты қаражат сұраған.
«Әлеуметтік желілерде хабарландыру таратқан әйелдің осылайша алаяқтық жасағаны анықталды. Дуаны алу үшін зардап шеккен жігіт күдіктіге 333 мың теңге ақшалай және 300 мың теңгенің алтын әшекей бұйымдарын тапсырған. Жедел іздестіру шаралары барысында Бұланды ауданы Макинск қаласының 34 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол барлық жасаған кінәсін толықтай мойнына алды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктіге қатысты заң нормаларына сәйкес тексеріс жүргізіп, тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Күдікті әйелдің осыған дейін өңірде орын алған басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталатын болады», - дейді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазір аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-шы, яғни «Алаяқтық» бабының 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті әйелге «Келу туралы міндеттеме» процессуалды мәжбүрлеу шарасы қолданылды.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы