Қарағандыда адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі ұсталды
49 жастағы жәбірленуші жол-көлік оқиғасы барысында алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған
Қарағандылық полицейлер жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қараша күні кешкілік Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Михайлов полиция бөліміне қала көшелерінің бірінде белгісіз автокөліктің жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарлама түсті.
49 жастағы жәбірленуші жол-көлік оқиғасы барысында алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен көліктің “Фольксваген пассат” маркалы автокөлік екенін анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды. Күдікті қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабына (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.