$ 523.2  594.3  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.10.2020, 23:49
Оқиғалар

Бішкекте көтерілісшілер Алмазбек Атамбаев отырған көлікке оқ жаудырды (ВИДЕО)

Бішкектегі жаппай тәртіпсіздік әлі жалғасып жатыр

Бішкекте көтерілісшілер Алмазбек Атамбаев отырған көлікке оқ жаудырды (ВИДЕО)

Шерушілер түрмеден шығарып алған Қырғыз Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаев бүгін жақтастарының алдында алғаш рет сөз сөйледі. Ал мыңдаған демонстранттардың алдында Омурбек Бабанов өзінің саяси қарсыласы болған экс-президентпен татуласты, деп  хабарлайды оқиға орнында жүрген  Azattyq Rýhy  тілшісі.  

Үкімет үйінің алдындағы орталық алаң ұрандатқан адамдарға лық толы. Білектеріне сары лента таққан Бабанов пен Атамбаевтың жақтастары «Бөлінуге жол жоқ!», «Бандитизм тоқтасын!», «Қан төгу тоқтатылсын!» деген түрлі  ұрандарды плакатқа  жазып алған.

«Қырғызстандықтар, бәріңе тағзым етіп, рахмет айтамын. Атамбаевқа билік керек жоқ. Атамбаевқа президент, премьерлік, ештеңе керек жоқ. Сондықтан Атамбаев 2017 жылы кеткен. Мен көп қателіктер жасадым. Жанымдағы бір ақымақтарға сендім. Құдайға рахмет, түрмеге отырып, көзімді аштым. Түрмеге отырғаныма Құдайға рахмет. Бір жаққа қашып кеткенше, түрмеде, Қырғызстанның жерінде өлгенім жақсы еді. Мені жасаған қателіктерім үшін кешіріңіздер. Сіздер болмағанда, мен түрмеден шықпас едім. Қырғызстанды басқарамын дегендердің қылмысқа, бандитизмге барғандары дұрыс емес», - деді экс-президент А. Атамбаев.

Ол алаңға елді, қарсыластарын, жақтастарын таза билік орнатуға шақыру үшін келгенін айтты. 4 қазан күні өткен парламенттік сайлауда 120 мандаттың 90 астам орнын  «Ата Мекен», «Бир Бол» және «Реформа» сынды биліктік партиялар иемденген еді. Көтерілісшілер қайта сайлау өткізуді, билікке жаңа адамдардың келуін талап еткендіктен, сайлаудың нәтижесі жойылды. Артынша премьер-министр мен Парламент спикерінен бастап, түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар орындарынан кетті. Шерушілердің талабы бойынша сайлаудың нәтижесі жойылғанымен, жоғарыдағы биліктік партиялар қайта бірігіп, «Акыркы умут» меморандумына қол қойды. Нәтижесінде, олар Омурбек Бабановты премьер-министр лауазымына, ал Тилек Токтогазиевті вице-премьер қызметіне ұсынды.

«Құрметті қырғызстандықтарым, бүгін дүниежүзі осындағы жағдайды бақылап отыр. Қырғыз елі әділет, ақиқат үшін күресті. 5 қазанда бандиттер ақшаның күшімен көтерілді. Үшінші рет революция болды, себебі ақиқат орнамады. Үкімет өз білгененін жасамақ болғанда, халық орнына қойды. Бұл алдағы Мемлекет басшысы, Үкімет басшысы болатындарға,  бәріне сабақ болды. Барлығымыз бірігіп халық сайлауын өткізейік. Адаспаған адам болмайды, бірақ қатесін түзеген адам мықты. Мықты адам ғана кешірім сұрайды. Алмазбек Шаршенұлы (А. Атамбаев – ред.) кешірім сұрағаныңызды, кешіргеніңізді құрметтеймін», - деді митингке келгендердің алдында Омурбек Бабанов.

«Ало-Тоо» алаңында өтіп жатқан митингіге кешқұрым премьер-министрлікке үміткер Садыр Жапаровтың қолдаушылары айғайлап қосылды. Трибунада тұрған Атамбаевтың адамдары арандатушылыққа жол бермеуге шақырса да, дауласқан қос тараптың жақтастары жаппай тәртіпсіздікке жол берді. Пластик бөтелкелер лақтырудың соңы таспен атысуға ұласты. Жапаровтың жақтастарынан сескенген Атамбаев бастаған топ амалсыз алаңды тастап кетуге мәжбүр болды. Демонстарнттар өздері шегіндірген қарсыластарына соққы жаудырып, вице-премьерлікке үміткер Тилек Тоқтогазиевтың басын жарды. Ал брондалған көлікке отыра қашқан Алмазбек Атамбаевтың машинасына арнайы бағытталған оқ тиді.

«Мына жақтағылар Атамбаевтың жақтастары. Қазір екі жақтан жиналған демонстранттардың арасында қақтығыс басталып кетті. Мылтық атылып жатыр.  Әне, Атамбаевтың адамдарын қуалап барады. Алаңды Жапаровтың жақтастары  басып алды. Билік бұлай адамдарды бір-біріне шағыстырмауы керек еді. Ел бір-бірімен қырқысып жатқанымен, жоғарыда отырған билік өкілдері аман, олар зардап шекпейді. Парламенттік билікті өзгертуге бұрынғы биліктегілер қарсы. Елдің 7 облысынан жиналған адамдар да көп осында. Елдегі осындай оқиғаға алаңдаймыз», - деді қоғамдық белсенді Улан Нурманбетов.  

Әмірболат Құсайынұлы, Бішкек

Серіктес жаңалықтары