$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.10.2020, 01:16
Оқиғалар

Шымкенттік келіншекті бұрынғы күйеуі балғамен ұрып, аяусыз соққыға жыққан

Бет-аузы қан-жоса болған 22 жастағы келіншек туралы мәлімет әлеуметтік желіні кешелі бері шулатып жатыр

Күнгейде тұрмыстық зорлық-зомбылық тиылмай тұр. Шымкент тұрғынын бұрынғы күйеуі өлімші етіп сабап тастаған. Бет-аузы қан-жоса болған 22 жастағы келіншек туралы мәлімет әлеуметтік желіні кешелі бері шулатып жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Қорғансыз келіншектің адам шошырлық бейнесін әлеуметтік желіге жәбірленушінің туыстары салған. Оны мұндай күйге азаматтық некеде болған бұрынғы күйеуі түсірген екен.

«Азаматтық некедегі бұрынғы күйеуі оны ұдайы ұрып келеді. Осы жолы қызымды қорлаған адам жазаланады деп үміттенемін», - дейді жәбірленушінің анасы.  

Жәбірленушінің анасы бұл жолы полициядан емес, қоғамдық қордан көмек сұрапты. Өйткені, тәртіп сақшыларына сенуден қалған. Учаскелік инспекторды келіншек бір емес, 5 рет шақырған. Бірақ еш нәтиже болмапты.                                                                                                                  

«Бұл бірінші ұрып-соғуы емес екен. Жаңа жылдың қарсаңында да үйінің жанында аңдып тұрып, көсеумен сабап қолын зақымдаған. Ауруханаға жатып шықты. Бірақ іс сотқа жетпеген. Ол жерде жалғыз учаскелік инспектор бар. Күдіктіні қорғаштайтын секілді», - деді қоғамдық қордың жетекшісі Дина СМАИЛОВА.

Көршілерінің айтуынша, 22 жастағы келіншек досымен мұның алдында бірнеше рет ренжіскен. Бірге тұрмағандарына 2 жылға жуықтапты.

«Мен бұл отбасын жақсы танимын. Екеуі жараса алмады. Бір рет кешіріп, қосылған. Екінші рет айрылысқанында, маған «онымен бірге тұру мүмкін емес» деген еді», - дейді жәбірленушінің танысы Галина МЕНЩИКОВА.

Жолдасын балғамен сабаған жігіт бүгін қамауға алынды. Полиция оны әуелі айықтырғышқа жеткізіпті. Тәртіп сақшылары барғанда күдікті удай мас болыпты. Қоғамдық дау туғаннан кейін бе полиция осы жолы «Азаптау» бабымен қылмыстық іс қозғады. Ал бұрынғы арыздар тәртіп сақшыларында тіркелмеген көрінеді.

«Қазіргі уақытта жәбірленушінің алған дене жарақаттары бойынша қосымша сот сараптамалары тағайындалды. Тексеру амалдарын жүргіземіз. Соның барысында анықталатын болады. Бірақ ол әйел алған жарақаттары бойынша бұрын полицияға арызданбаған», - деді Шымкент қалалық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Дәулеткелді ӘБДІРАМАНОВ.  

Қылмысы дәлелденіп жатса, жігіт 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер мұның алдындағы соққылары дәлелденсе, ондай жаза қатаюы әбден мүмкін. «Арызды қабылдамады» деген учаскелік инспекторға қатысты да қызметтік тергеу басталмақ.

Серіктес жаңалықтары