Атырау облысында есірткіні қаймаққа араластырып өткізбек болған азамат ұсталды
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр
Атырау облысында мекемеге есірткі өткізбек болған 24 жастағы «жеткізуші» ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қыркүйек күні Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде сәлем-сауқаттарды тексеру барысында қаймақтың ішіне жасырынған өзіне тән иісі бар, жасыл түсті шөп табылды.
«Мекеме қызметкерлері қырағылығының арқасында мекемеде ҚР ҚК 99-бабы бойынша ұсталған 18 жастағы күдіктіге арналған заңсыз сәлемдеме жетпеді. Мекемеге Атырау облысы Полиция департаментінің Жедел-тергеу тобы шақырылып, күдікті азамат ұсталды», – дейді УГ-157/1 мекемесінің күзет және режим бөлімінің бастығы Асылбек Рахманов.
24 жастағы «жеткізуші» ұсталып, тергеу амалдары жалғасуда.