Алматыда 17 жастағы бойжеткеннің асқазанынан бір келі шаш шықты
Әдетте нығыздалған шаш мүйізді жануарлардың асқазанынан табылады
№4 Қалалық клиникалық аурухананың хирургтары асқазанда жиналған шашты алып тастау бойынша сирек кездесетін операция жасады.
17 жастағы науқас алдын ала қойылған диагнозбен – денедегі бөгде зат, эпигастрий тұсындағы ауырлық шағымымен ауруханаға жатқызылды. Науқас тұрғылықты жері бойынша емханада фиброгастродуоденоскопияны (ФГДС), іш қуысының компьютерлік томографиясын жасатып, оған «трихобезоар» диагнозы қойылған. Бұл - асқазандағы бөгде зат, шаштан түйілген тығыз конкремент. Безоарлар негізінен мүйізді жануарларда болады, адамдарда безоарлар салыстырмалы түрде өте сирек кездеседі. Операция барысында дәрігерлердің күдігі расталды.
«Бүгін жоспарлы ота жасалды: лапаротомия, гастротомия, гастротомия кезінде асқазанның пішінін толығымен қайталайтын трихобезоар табылып, шаш түйіні органның 70 пайызын құраған. Бөгде зат алынып тасталды. Науқас шашты шайнап жұту әдетін жоққа шығарды, бірақ операциялық нәтиже фактіні растады. Бірнеше жыл бойы масса қатайып, бүгінде шаштың салмағы 1 келі болған. Конкременттің салмағы болғандықтан, асқазан аздап созылған», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың хирургі, профессор, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ хирургиялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Абылай Баймаханов.
Хирургтардың тәжірибесінде трихобезоар өте сирек кездеседі, ол адам денсаулығына қауіпті. Конкремент асқазанның бітелуіне немесе асқазанның жарылып кетуіне әкелуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдайда науқас медициналық көмекке уақытында жүгінген, асқазан ауруы еш асқынбаған.
«Тырнақтарды тістеу немесе шашты шайнап жұту – психологиялық әдет. Балалардың әдетіне ерте бастан назар аудару керек. Сондай-ақ шаш ағзаға тамақпен бірге кетіп, жылдар бойы жиналуы мүмкін», – деп толықтырды хирург-дәрігердің көмекшісі Дәурен Жуматаев.
Асқазан трихобезоары негізінен, жастарда кездеседі, яғни 30 жасқа дейінгі пациенттер 80%-ды құрайды. Бұл жағдайдың 90%-ы қыздарда кездеседі. Ауру әдетте симптомсыз басталады. Безоар ұлғайғанда іштің мерзімді ауруы және ауырлық сезімі пайда болады. Жүрек айну, құсу, тәбеттің төмендеуі, темір тапшылығының анемиясы дамиды. Безоардың асқынуы – эрозия және қан кететін асқазан жаралары, перитониттің дамуы, аш ішектің обтурациясына әкелуі мүмкін.
Операцияға дәрігер-профессор Абылай Баймаханов, асисстенті – Даурен Жұматаев, анестезиолог дәрігері – Гүлнара Мечтова, операциялық мейірбикесі Тоғжан Мергенбай, анестезист мейірбикесі Маржан Байбатырова сынды барлығы бес адам қатысқан.