$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.08.2020, 13:07
Оқиғалар

Ақмолада карантин кезінде құдалық өткізген мейрамхана иесіне 300 мың теңге айыппұл салынды

Отбасылық шара Державинск қаласындағы «Ажар» мейрамханасында болған

Ақмолада карантин кезінде құдалық өткізген мейрамхана иесіне 300 мың теңге айыппұл салынды
Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысының Жарқайың ауданында карантин кезінде құдалық өткізген мейрамхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облыстық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Санитарлық эпидемиологиялық талаптарды ескермеген кәсіпкер 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейтін болды.

Ведомствоның мәліметінше, Жарқайың аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына аудандық полиция бөлімінен Державинск қаласындағы «Ажар» мейрамханасында көпшіліктің жиналуымен құдалық өткізілгені туралы іс материалдары түскен.

«Еліміздің бас санитар дәрігерінің қаулысымен бекітілген талаптарды елеп-ескермеген жеке кәсіпкердің үстінен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425 бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік заңбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Яғни, мейрамхана иесі қауіпті індеттің өршіп тұрғанына қарамастан көпшіліктің қатысуымен тойдың өтуіне себепші болған. Оған 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік шара қолданылды. Айыппұл көлемі қысқартып айтқанда, 319 470 мың теңгені құрады. Кәсіпкер заңға сәйкес айыппұлды уақытында төлеуі тиіс», – дейді Ақмола облысының бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Естеріңізге сала кетсек, Ақмола облысы бас санитар дәрігерінің №95 қаулысымен «салтанатты, отбасылық, ас беру, ұжымдық шаралар және басқа да адамдар көп жиналатын шараларды өткізуге» тыйым салынған. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысына уақытша шектеу қойылған.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары