$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.08.2020, 14:27
Оқиғалар

Атырау облысында жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізген 500-ге жуық адам ұсталды

Олардың арасында ішімдік ішіп көлік жүргізген үш жүкті әйел болған

Атырау облысында жыл басынан бері мас күйде көлік жүргізген 500-ге жуық адам ұсталды
Көрнекі фото: kpravda.ru

Атырау облысында ішімдік ішіп, көлік жүргізген 467 жүргізуші ұсталды. Олардың 370-і облыс орталығы – Атырау қаласында анықталған.

Барлық құқық бұзушылар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы ("Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, мас күйінде көлік жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар жүргізуші куәлігі де болмаған 46 адам анықталған. Құқық бұзушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша жүргізіліп, жауапқа тартылды.

Сондай-ақ ішімдік ішіп, көлік жүргізгендердің арасында мүмкіндігі шектеулі жандар (төртеуі), үш жүкті әйел, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі жасөспірім де болды.

Мәселен, 15 шілдеге қараған түні облыс орталығында тәртіп сақшылары «Nissan Juke» көлігін тоқтатып, 32 жастағы жүргізушісінің жүкті екенін және ішімдік ішкенін анықтады. Мамандандырылған Әкімшілік сотының қаулысымен ол жүргізуші құқығынан айырылды.

Бір аптадан кейін Атырау қаласындағы Сәтбаев – Пушкин көшелерінің қиылысында 17 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған «Nissan Tiida» маркалы автокөлік тоқтатылды. Сараптама қорытындысы бойынша, жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімнің мас күйде болғаны анықталды. Кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапқа тартылып, әкімшілік сот оларға 27 780 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ата-анасына қатысты ӘҚБтК-нің 442-бабы («Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы») бойынша хаттама рәсімделіп, ювеналды сотқа жіберілді.

Облыс полицейлері осы жылғы 11 қаңтардан бастап көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жаза күшейтілгенін еске салады. Мұндай заң бұзушыларға жол апатын жасамаған күннің өзінде 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, 7 жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырылады. Ал қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, ал көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру 8 жылға дейін ұзартылатынын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары